Ауа райы
Астана 31 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қытаймен шекарадағы «Нұр жолы» бекетінде көлік жиналуына не себеп болды

2020 жылдың 25 маусым 2020 21:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрлігі «Нұр жолы» өткізу бекетінде көліктің жиналып қалуына Қытай тарапының шекарада санитарлық шараларды күшейтуі себеп болып отырғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандық тарап (ҚР ҚМ МКК, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) «Нұр жолы» автокөліктік өткізу бекетінің жұмысын тұрақтандыру үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр. Қытайлық автокөліктердің Қазақстан аумағына кіру мүмкіндігі үшін «Нұр жолы» АӨБ жұмыс технологиясын өзгерту мәселесі пысықталуда», - деп хабарлайды комитеттен.

Жаңа процедуралар екіжақты бекітілгеннен кейін қытайлық тасымалдаушылар өз елінде өндірілген тауарды Қазақстанның көлік-логистикалық орталықтарына жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Осыдан кейін келген тауарлар қазақстандық және шетелдік транзиттік көліктерге тиеліп, аймақтарға таратылады. Бұл шара көп автокөліктің қытай тарапына кіру қажеттігін жойып, «Нұр жолы» бекетінде жүк тасымалдаушылардың жиналуына жол бермейді.

«Қазақстандық тарап Қазақстан мен Қытай шекаралары арасында автокөліктің жиналып қалуына COVID-19 пандемиясымен күрес аясында қытайлық тараптың шекарадағы санитарлық шаралардың күшейтуі себеп болғанын атап өтеді. Көрші мемлекеттің қауіпсіздік шараларына құрметпен қарай отырып, қытай тарапының карантин шараларын енгізуі «Нұр жолы» бекетін есептемегенде барлық шекара өткізу бекеттерінің жабылуына, шекара арқылы өтетін автокөлік санының 150-ден 20-ға дейін қысқаруына әкелгенін хабарлаймыз» делінген хабарламада.

Комитет сонымен бірге ҚР Үкіметінің 2020 жылдың 10 маусымындағы №369 қаулысына сәйкес бұдан бұрын «Қалжат», «Бақты», «Майқапшағай» автокөлік өткізу бекеттері уақытша жабылғанын хабарлайды. ҚХР тарапы шекараларды жауып тастағандықтан тауарлар ары-бері тасымалданып жатқан жоқ. Оның үстіне бұрын жүкті күтіп қалумен көлік құралдары Қытай аумағында жиналып қалатын. Пандемияға байланысты ҚХР билігі мұны шектеп, қазақстандық көлік құралдарының өз аумағында болу уақытын 12 сағатқа дейін қысқартқан.

«Бұл қазақстандық тарапта көлік құралдарының жиналуына әкелді. Қазақстандық тарапта жүк жиналып қалуының тағы бір себебі – шекараны кесіп өтетін тасымалдаушылардың (шамамен 60 пайызының) нақты тапсырысы мен жүк бойынша келісімінің болмауы. Осылайша автокөліктердің жартысынан көбі Қытайға бір реттік келісімге келу үмітімен барады. Бұл тасымалдаушылар қытайлық тараптан жүксіз оралып, қайтадан кезекте қалады», - деп хабарлайды мемлекеттік кірістер комитетінен.

Қазақстандық тарап қазірге дейін «Нұр жолы» бекетіндегі жағдайды тұрақтандыру бойынша ҚХР-мен келісім аясында бірқатар шара қабылдап жатыр.


Жоғары қарай