Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда облысы әкімінің 98 грант иегері анықталды

2021 жылдың 30 тамыз 2021 22:22

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы әкімінің 98 грант иегері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл облыс әкімі мектеп бітіруші түлектердің жоғары оқу орнынан білім алуы үшін 100 грант тағайындаған болатын. Қызылорда қаласы мен аудандарда құрылған арнайы комиссия өтініш берген 138 үміткердің құжаттарын қарап шықты. Нәтижесінде барлығы 98 грант иегері анықталды.

«Әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен облыс әкімінің гранты еліміздегі үздік 4 жоғарғы оқу орнына бөлінді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне – 67, «Нұр-Мүбарак» университетіне – 6, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне – 11, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне – 16 түлек тегін білім алуына мүмкіндік алды. Әкім грантын иеленгендердің 57-і көпбалалы, 18-і тұрмысы төмен, 11-і асыраушысынан айырылған отбасынан, 9-ы ата-анасының біреуі мүгедек, 1-уі «Атамекен» балалар үйінің тәрбиеленушісі, 2-уі мүгедек бала», - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Әбдукаримов.

Тағайындалған гранттар бойынша білім беру саласының математика, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, биология, дене шынықтыру және спорт, бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандықтарына – 38, өнер саласы бойынша дәстүрлі музыка өнері, хореография мамандығына – 7 грант белгіленген. Сондай-ақ, білім алушы жастар ақпараттық қауіпсіздік жүйесіне – 2, азық түлік өнімдерін өндіру технологиясына – 1, инженерлік желілер мен жүйелерге – 5, су ресурстары және суды пайдалануға – 1 грант иегері атанды. Оған қоса кадастр және жерге орналастыруға – 1, журналистика және репортер ісіне – 10, дінтанушы мамандығына – 6, медицина саласы бойынша жалпы медицинаға – 27 грант тағайындалды.

Еске салсақ, Қызылорда облысында күрішке орақ түсті.



Жоғары қарай