Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 385.42
EUR 424.58
RUB 6.00
CNY 54.31

Қызылорда облысында қос өнердің тізгінін тең ұстаған шебер тұрады

2018 жылдың 8 наурыз 2018 21:15

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірі қашаннан өнер иелеріне кенде болмаған. Қазақстан Суретшілер және Қолөнершілер одақтарының мүшесі Ұлмекен Мауытова қос өнерді тел емген өнерлі жандардың бірі.

Мұнайшылар отбасынан шыққан Ұлмекен тоғыз баланың үшіншісі. Мұнайлы өлке - Атырауда дүниеге келген ол онжылдықты бітірген соң Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін (1979-1982 жылдары) театр-декораты мамандығы бойынша бітіреді. Арада екі жыл өткенде дәм-тұзы жарасып, Қайрат есімді жігітке тұрмысқа шығады.

Сырға келін атанған Ұлмекен Жаңақорған ауданында Әлшекей атындағы өнер мектебінде бейнелеу өнерінен сабақ береді.



null

«Өнерге шын бет бұрып, шығармашылықпен 2000-шы жылдан бері айналысып келемін. Эстетикалық талғам, жан дүниеңдегі сұлулыққа деген құмарлық мені бәрібір де қылқалам ұстауыма мәжбүр етті. Қандай бір туындыны жасау үстінде шығармашылық адамы шабыт құшағында болады. Өнер адамдары мұны жақсы түсінеді. Ондайда сенен асқан бақытты жан болмайды», - дейді Ұлмекен.

Кескіндеме жанрымен айналысатын Ұлмекеннің аудандық мұражай басшысы Набихан Шалаповтың демеушілігімен бірнеше рет облыстық көрмесі өтеді. 2011 жылы Қазақстан Суретшілер Одағына мүшелікке қабылданса, араға төрт жыл салып Қазақстан Қолөнершілер Одағына мүшелікке қабылданды. Ол шығармаларын, яки туындыларын кестемен тігіп, жергілікті қойдың жүнінен басып шығарады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасының қолдауымен бірнеше мəрте Қызылорда, Астана, Жамбыл, Алматы, Бішкек қалаларында жоғары дəрежелі шеберлердің шеберлік сыныптарына қатысып, тəжірибе алмасса, Арал, Астана қаласында шеберлік сабақтарын да өткізген.



null

Суретшінің есімі мен еңбектері «Қызылорда облысының Қолөнер және қылқалам шеберлері» кітабына да енген. Ұлттық колориттегі киіз бұйымдары арқылы талай конкурстарда жүлделі орындарға ие болды. Мұнан өзге де республикалық көрме-жәрмеңкелерде үздік деп танылып келеді. Өткен жылы БҰҰ-ның Қазақстандағы офисі «Муза бағында», «Жаратылыс», «Қорқыт баба», «Мирас» деп аталатын кестелі картиналарымды сатып алды.



null

«Былтырғы жылдың шілде-тамыз айында Қызылорда облысының шеберлері жиналып, Қармақшыда Қорқыт баба кешенінде, ЭКСПО-ға байланысты ашылған этноауылда бір ай көрме жасап, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жəне шетелдік қонақтарға шеберлік сыныбын көрсеттік. Бұл нағыз есте қалатын оқиға», - дейді қос өнердің тізгінін тартқан Ұлмекен.

Бүгінде жолдасы Қайрат екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Алмат анасының жолын қуған суретші болса, кенжелері Нұрсамал Қызылордадағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің қобыз класында оқиды.

Автор Елубай Әуезов
Басты сөздер: Қоғам, Қызылорда облысы,
Жоғары қарай