Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда облысында тағы бір ПТР зертханасы ашылды

2021 жылдың 12 қазан 2021 04:43

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданында ПТР зертханасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл зертхана Қазалы ауданындағы теміржол ауруханасының базасында ашылды. Оның қуаты тәулігіне 200 сынақты құрайды. Зертхана Қазалы ауданымен қатар көршілес Арал және Қармақшы аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді.

«Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС бас директоры, білікті маман Құбыл Ршымбетов аудан басшысын зертхана жұмысымен таныстырып, орталықтың тиімділіктерін тілге тиек етті.

«Мекеме барлық талаптарға сай қажетті жабдықтармен қамтылған. Зертхана бөлмелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Техника орнатылды, қажетті реактивтер сатып алынды. Зертхана қызметкерлері Алматы, Орал қаласындағы жетекші зертханалар базасында арнайы оқытудан өтті. Жобаның жалпы құны 60 млн теңгені құрайды», - деді аурухана басшысы.

Бұрын ПТР зерттеуге барлық биологиялық материалдар Қазалыдан Арал ауданы мен Қызылорда қаласына жіберілетін. Нәтижелер 2-3 күн аралығында шығатын. Жаңа ПТР зертхананың ашылуымен коронавирус инфекциясын тезірек анықтауға болады. Талдауды өңдеу орташа есеппен 5 сағатты құрайды. Сынақ қорытындысы бір тәулік ішінде беріледі.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауруханаға арнайы барып, медицина қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.


Жоғары қарай