Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда облысында тамақтану объектілері тәулік бойы жұмыс істей алады

2021 жылдың 15 мамыр 2021 18:04

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тәулік бойы ұйымдастыруға рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы коронавирустық инфекциясының эпидемологиялық ахуалды бағалау матрицасында 10 мамырдан бастап «жасыл» аймақта тұр. Осыған байланысты бірқатар шектеу шараларын жеңілдету туралы облыстың Бас мемлекетік санитариялық дәрігерінің №14 жаңа Қаулысы қабылданды.

Жаңа қаулыда бірқатар карантиндік шектеулер жеңілдетілді. Бірақ күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық талап сақталуы тиіс. Сонымен, банкет залдардың жұмысына тек ас беру үшін рұқсат берілді. Бірақ сыйымдылығы 30 пайыздан және 50 орыннан асырмау қажет. Ал діни объектілер жұмысына толтырылуын 30 пайыздан асырмау талабы қойылды.

Қаулы негізінде 50 адамнан асырмай мәдениет объектілерінің, толтырылуын 30 пайыздан асырмай театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, филармониялар, бильярд, компьютерлік клубтар, боулинг, балалардың ойын-сауық орталықтарының жұмысына рұқсат етілді. Сондай-ақ, енді тұрғындар спорттық сайыстарды тамашалай алады. Бірақ көрермендер 20 пайыздан аспауы керек. Балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметіне, қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысына толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 50 орыннан асырмау талабымен жұмыс кестесін сағат 7.00-ден 2.00-ге дейін, асханалар типі бойынша қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тәулік бойы ұйымдастыруға болады.

«Жаңа қаулыға сәйкес қоғамдық орындарда кальянды пайдалануға, ойын-сауық іс-шараларын, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге, букмекерлік кеңселердің қызметіне, түнгі және ойын клубтарының, караоке қызметіне, мерекелік корпоративтерді ұйымдастыру мен өткізуге тыйым салынады. Карантин талаптары жеңілдетілгенмен сақтық шараларына мән берейік», - деді облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова.

Қаулымен енгізілген бұл өзгерістер 2021 жылғы 17 мамырдан бастап күшіне енеді.

Еске салсақ, бүгінге дейін Қызылорда облысында 74 мың адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.


Жоғары қарай