Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда облысының экономикалық картасы жасалып, 265 жоба қамтылды - Гүлшара Әбдіқалықова

2020 жылдың 26 қазан 2020 08:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемия кезінде Қызылорда облысында экономикалық карта жасалып, оған 265 жоба дайындалды. Бұл жоба аясында шамамен 271 млрд. теңге инвестиция келеді. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Apta» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір жағынан, экономикаға коронавирус пандемиясының әсері бар. Екінші жағынан, мұнай, жерасты қазба байлықтарының бағасы да төмендеп кетті. Мысалы, біздің облысты алсақ: басты қазбалардың, өндірістің бірі – мұнай мен уран. Соңғы жылдары осы өндірістің төмендеуі байқалады. 2011 жылы Қызылорда облысында 11 млн. тонна мұнай өндірілген болса, былтыр, 5,6 млн. тонна ғана мұнай өндірілген. Биыл 4,2 млн. тонна ғана мұнай өндірілейін деп отыр», - дейді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Оның айтуынша, тағы бірнеше көрсеткіштің қарқыны төмендеген. Соған орай, инвестиция тарту мәселесі өзекті болып отыр. «Биыл 230 миллиард теңге шамасында инвестиция тартамыз деп отырмыз, бірақ бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Бұл жерде де объективті факторлар бар. Біріншіден, өткен жылы республикалық ірі жобалар болды. Мысалы, «Сарыарқа» газ құбыры болды, екі газ стансасы салынды. Сонымен қатар күн жылу электр станциясы салынды», - дейді ол.

Сондай-ақ, облыс әкімінің сөзіне қарағанда, коронавирус індеті өршіп тұрған кезде көп мәселені облыста қарап, облыс ішінде шешу керектігі айқын болған. Осы бағытта ауқымды сараптама да жасалған.

«Мысалы, бізде ең қажет деген азық-түліктің 70-і, ең қажет деген азық-түлік емес тауарлардың 35-і сырттан алынады. Ойлана келе өзіміздің экономикалық картамызды жасадық. Сонымен қазіргі кезде біз 265 жоба дайындап қойдық. 265 жоба 271 млрд. теңге инвестиция алып келеді деп отырмыз. Сүт өнімдерін өзімізде өндіруге болады, бірақ сұраныс пен өндірістің арасында тепе-теңдік жоқ. Ет те, көкөніс те солай. Негізінде ең қажетті деген азық-түліктерді қайта өңдеуге болады. Мысалы, пандемия кезінде әр отбасының қажеттілігін толық өтей алмадық. Түркістан облысындағы әріптестерімізбен хабарласып, көлік жіберіп отырдық», - дейді ол.


Жоғары қарай