Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда облысының экс-әкімі Арыс халқына деп жиналған ақшаны қалтасына басқан

2020 жылдың 10 желтоқсан 2020 16:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов пен оның 4 сыбайласысына қандай айып тағылғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда қалалық №2 сотының судьясы Абдуллажан Сайдуллаевтың айтуынша, Қуанышбек Ысқақовқа алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену (ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) айыбы тағылған.

Ал Мұрат Имандосов, Марат Делмұханов, Жеңісбек Ысқақов, Азат Досмайылов Қуанышбек Ысқақовқа адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, бөтеннің мүлкін жымқыруға, оны жасауға кедергілерді жоюға көмектескен (ҚР ҚК 28-бабының 5-бөлігімен, 190-бабының 4-бөлігі 2) тармағы) деген айыпталған.

«Басты сот талқылауында сотталушы Қ.Ысқақовтың жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттігін қызмет бабын пайдаланумен ұштастыра отырып, бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырғаны анықталған. Ал, бұрынғы әкімнің орынбасарлары сотталушылар М.Имандосов және М.Делмұханов жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттігін қызмет бабын пайдаланумен ұштастыра отырып, сотталушылар Ж.Ысқақов және А.Досмайыловтар сотталушы Қ.Ысқақовпен бір топ адам алдын ала сөз байласуы арқылы бөтеннің мүлкін жымқыруға, оны жасауға кедергілерді жоюға көмектескен», - дейді ол.

Іс құжатына сәйкес, сотталушылар «Сыр мейірімі» қоғамдық әлеуметтік қорының есеп шотына 2019 жылдың 24 маусымында ҚР Қорғаныс министрлігі №44856 әскери бөлімінің қоймасында оқ-жарақ жарылысынан зардап шеккен Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету үшін жиналған 80 млн теңге қайырымдылық қаражатты төрт ЖШС мен ӨҚ әрқайсының есепшотына 20 млн теңгеден аудартқызып, қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы жымқырған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовтың 7 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/kyzylorda-oblysynyn-eks-akimi-7-zhylga-sottaldy_a3728680


Жоғары қарай