Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары жүзеге асырылуда

2020 жылдың 27 қазан 2020 12:20

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемді жайлаған пандемия қоғамның барлық саласына елеулі кедергісін келтірді. Әрбір аймақтағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізді. Экономиканың барлық саласында көптеген проблемалар туындады.

«Бұл Қызылорда облысында экономиканың барлық саласы мен әлеуметтік салаға ауқымды талдау жүргізуді міндеттеді. Азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің негізгі түрлерін өндіру және тұтыну теңгеріміне ауқымды талдауды жедел жүргізуге себеп болды. Талдау қорытындысымен агломерациялық тәсіл негізінде қызмет түрлері сараланды. Сол арқылы 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары әзірленді. Оның шеңберінде бизнес саласына 4600-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 265 жобаны іске асыру ұсынылды. Жобалардың жалпы сомасы 270 млрд. теңгеден асады. Бұл мақсатта биыл 26 млрд. теңгені құрайтын 110 жоба іске асырыла бастады. Ол 2 мыңға жуық жұмыс орны құруға мүмкіндік туғызады», - деді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Аталған жоспар арқылы өңірдің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашылады. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік емес қаржы институттарының бағдарламаларын кешенді пайдалануға назар аударылады. Сол арқылы өңірдің азық-түлікпен және бірінші қажеттіліктегі тауарлармен өзін-өзі қамтамасыз етуді қамту, жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасалады.


Жоғары қарай