Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді

2020 жылдың 26 қыркүйек 2020 10:03

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада қала күні аясында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы жаңадан бой көтерген аймақтың бірі – Жаппасбай батыр көшесінде 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне айналды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев арнайы келді.

Білім ұясы соңғы талаптарға сәйкес салынған. Онда оқушылардың жарық та кең, жаңа технологиямен жабдықталған сыныптарда сапалы білім алуына мүмкіндік бар. Сондай-ақ, мектеп жанынан ерекше балаларға арналған арнайы орталық ашылады. Мектепте 120 адамды еңбекпен қамтылған. Білім ұясының құрылысын «Ария-Жаңа Астана» ЖШС жүргізді.

Биыл облыс орталығында көптеген білім ошақтары жөндеуден өткізілді.





«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында қаладағы №23, 43, 112, 173 мектептерде және Белкөл кентіндегі «Балапан» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен бірге, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округіндегі №143 орта мектепке күрделі жөндеу жасалды. Бұдан

бөлек халықаралық жобалар арқылы қайтарымсыз грант негізінде № 1, 4, 176 мектептер де жөндеуден өтті. Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес, бүгінде «Бәйтерек» шағынауданында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Саяхат» шағынауданы мен Е.Демесінов көшесінен жеке инвестор есебінен білім ұясын салу қолға алынды.





Қала күнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен қала басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария өзенінің сол жағалауынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген несиелік үйлерді пайдалануға беру рәсіміне қатысты.





Білім саласының маманы Ұлбала Мұстафаева қуанышымен бөлісіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға тұрғындар атынан алғысын жеткізді.

Қала күнінде берілген №3 тұрғын аймағындағы үйлер құрылысын «Бақ- Береке 2030», «Дәнекер», «Сапақ» және «Астана Сервис ЛТД» компаниялары жүргізген. Бес қабаттан тұратын 200 пәтерлік тұрғын үйдің жалпы ауданы 12 мың 619 шаршы метрді құрайды.

Соңғы жылдарда Қызылорда қаласында 14 жаңа шағын аудан, 7 тұрғын үй кешені бой көтерді. Сол арқылы 10 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болды. Ал Сырдария өзенінің сол жағалауындағы қаланың жаңа бөлігінде соңғы екі жылда республикалық және облыстық бюджеттен 620 пәтерлік 13 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 240 пәтерлік 4 көпқабатты несиелік тұрғын үйлер салынды. Сондай-ақ, жеке құрылыс салушылардың есебінен 604 пәтерді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.





Биылғы жылдың соңына дейін 680 пәтерлік арендалы 14 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Облыс және қала әкімдері салтанатты шара барысында медицина саласында қызмет атқаратын 2 тұрғынға пәтер кілтін табыстады.

Сондай-ақ, қала күнінде Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында «Дәрігерлер аллеясы» ашылды. Аллея «Облыстық көпбейінді аурухана» маңынан салынған.





Айта кету керек, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойындағы Сыр сүлейлері аллеясынан Тасбөгет кентіне дейінгі 8 шақырым аумақта көркейту- көгалдандыру шаралары жасалып келеді. Бұл жұмыс «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынды. Сол арқылы 4 субұрқақ пен гүлзарлар салынды. Түрлі-түсті құйма тастар төселіп, соңғы үлгідегі жарық шамдар орнатылды.

Қала күні мерекесіне орай мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиевтің ескерткіш-мүсінін ашу рәсімі өтті.





Ескерткіш-мүсіннің авторы – суретші-мүсінші, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Амангелді Кененбаев.

Сондай-ақ, бұған дейін Қызылордада қалалық денсаулық және демалыс саябағы

ашылған болатын.


Жоғары қарай