Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

2021 жылдың 22 қазан 2021 20:30

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында күзгі егін науқанын қорытындылайтын «Алтын дән-2021» мерекелік шарасы өткізілді. Аталған шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова дала еңбеккерлеріне ел құрметін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендина, қала, аудан әкімдері, сала үздіктері және шаруашылық өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы өтпелі қиындықтарға қарамастан ел қамбасын астыққа толтырған елдегі аағйынның еселі еңбегін атап өтті.

Мол өнім алуда қажырлы еңбек еткен шаруа қожалықтары басшылары мен мүшелеріне алғысын жеткізді.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ең сенімді валюта - азық-түлік» деген сөзі бар. Уақыт өткен сайын ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы артып келеді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында облыс диқандары 500 мың тоннаға жуық күріш өнімін ел қамбасына құйды. Биыл еңбеккерлер көптеген қиындықты еңсерді. Вегетация кезінде су тапшылығы қиындығын көрді. Басқа да қиындықтар алдымыздан шықты. Маусым-шілде айларындағы ауа райының ыстығы да кері әсерін тигізді. Диқандар маңдай терін төгіп, адал еңбектің үлгісін көрсетті. Диқандарға қандай мадақ айтсақ та жарасады», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.




Биылғы жылғы 9 айда ауыл шаруашылық өнімі өндіру 118,5 млрд теңгеге жеттті. Өткен жылдан өсім 2,4 пайызды құрады. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 41 млрд теңгеге жетті.

Соңғы жылдары егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында жүйелі шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, жалпы егіс көлемі 5 жылда 6,9 мың гектарға ұлғайып, әртараптандыру бағытында мал азығындық дақылдар 6,3, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1,7, ал, күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 6,4 мың гектарға көбейген.

Суды көп қажет ететін күріш көлемі өткен жылдан 6 мың гектарға азайтылды. Оның орнына әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемі 9,8 мың гектарға дейін жетті.

Жыл басынан бері мүйізді ірі қара 8,2, жылқы 14,2, түйе 8,1, уақ мал 6,6%-ға артты. Ал ет өндірісі, сүт өндірісі, жұмыртқа өндірісі 3,1%-ға өсті.

Бүгінгі күні өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 15 мемлекетінің сұранысын қамтамасыз етіп отыр.

Биыл облыстан Германия, Нидерланды мемлекеттеріне 886 тонна қамыс, Австрия, Литва, Польша, Грузия, Нидерланды, Украина, Германия мемлекеттеріне 1780 тонна балық, Әзірбайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Ирак елдеріне 58 237 тонна күріш өнімі жөнелтілген.

Оның жалпы көлемі 20,6 млн АҚШ долларын шамалайды.

Салтанатты жиында аймақ басшысы Сырдария өзенінің жағдайына арнайы тоқталып, суды кезектілікпен үнемдеп алған шаруа қожалықтарының қажырлы еңбегін лайықты бағалады.

- Биыл жоғары бөліктен судың аз келуіне байланысты «Шардара» су қоймасында су аз жиналды. Осының салдарынан Сырдарияның төменгі ағысына жіберілген су көлемі төмендеді. Биылғы жылдың 8 қыркүйегінен 18 қазанына дейін төменге секундына 30 текше метр су жіберіді. Ал, 18 қазаннан бастап төменге жіберілген су көлемі 20 текше метрге артып, қазір секундына 50 текше метр жіберілуде. Біз бұл бағытта Үкіметпен тиісті жұмыстар жасаудамыз. Су нысандарының жағдайын жақсарту үшін «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына үлкен үміт артылуда. Ұлттық жобаға 122 млрд теңгені құрайтын облыстың 237 жоба енгізілуде, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Бүгінде «Қызылорда», «Әйтек» су торабтарына жөндеу және «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасы аясында 2019 жылдан бері 15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

2023 жылға дейін коммуналдық меншіктегі 192 су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен атқарылады.

Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша 775 млн.текше метр тасқын су жинайтын «Қараөзек арнасындағы су қоймасын» салу ісі де басталады.

Мерекелік шарада облыс әкімі мезгілдің сан құбылуына қарамастан аянбай еңбек етіп, тер төккен, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан озаттарды марапаттады.


























Жоғары қарай