Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада бес жылда Арал теңіз ұлтанына 1,1 миллион гектар сексеуіл отырғызылады

2021 жылдың 12 қыркүйек 2021 02:10

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Арал теңіз ұлтанына бес жылда 1,1 миллион гектар сексеуіл отырғызу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл бағытта көршілес Өзбекстан тәжірибесі негізге алынады. Онда қысқы мезгілде сексеуіл егіп, оны көктемде отырғызу жұмысы жолға қойылған.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сол елден келген арнайы делегациямен кездесті. Отырысқа Өзбекстан Республикасы мемлекеттік орман шаруашылығы комитетінің төрағасы Низомидин Бакиров бастаған делегат өкілдері келді.

Еліміздің атынан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаев болды.

Жиында аймақ басшысы Аралдың тартылуы Сыр өңіріне ғана емес көршілес мемлекеттер үшін де аса маңызды мәселеге айналғанын тілге тиек етті. Себебі теңіз акваториясының тартылуы балық шаруашылығына да қатты әсер етті. 1993 жылы 26 наурызда Қызылордада өткен Орта Азия елдері басшыларының саммитінде Аралды құтқару бойынша халықаралық қор құру туралы шешім қабылданды. Бұл экологиялық ахуалды жақсартуға жасалған қарышты қадамдардың бірі болды.

«Орталық Азия аумағындағы мемлекет басшыларының шешімімен халықаралық қаржы ұйымдары мен мүдделі тараптар бұл бағытта қолдау көрсетті. Нәтижесінде Арал теңізінің тартылуы мен теңіздің солтүстік бөлігін сақтау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы негізінде теңіздің солтүстік бөлігінде балықтың 10-нан аса түрі пайда болды. Қазір Арал балығына Еуропа мен Азия елдерінен сұраныс жоғары. Теңіз табанындағы құмның көшуін тоқтату мақсатында «жасыл белдеуді» дамыту мәселесі де қолға алынды. Орман қорын көбейту жұмыстары шеңберінде 337 мың гектар жерге тал отырғызылды. Президент Жолдауындағы тапсырмасы аясында 5 жылдың ішінде теңіз ұлтанының 1,1 миллион гектар жеріне сексеуіл отырғызу жоспарланып отыр. Бұл ретте Өзбекстан Республикасының тәжірибесін пайдалануымыз қажет. Сондықтан екі елдің бірлескен жұмысының арқасында Аралдың кепкен табанын көгалдандыру мәселесіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Алдағы кезеңде бірлескен серіктестік аясында облыс аумағындағы теңіз ұлтанына сексеуіл егу, отырғызу жұмыстары бойынша көрші елдің технологиясы қолданылады.


Жоғары қарай