Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Қызылордада бүгін тіркелген 4 науқас коронавирустық инфекцияны қайдан жұқтырды

2020 жылдың 31 наурыз 2020 12:30

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар саны 9 адамға жетті. Бүгін тағы 4 адамның вирус жұқтырғаны нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов мәлім етті.

«Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы бойынша 9 жағдай тіркелген. Бүгін зертханалық сынама негізінде тағы 4 адамнан аталған диагноз анықталды. Олардың барлығы бұдан бұрын тіркелген науқастармен қарым-қатынаста болған. Бұл азаматтар соған байланысты карантинге алынып, оқшауланған болатын. Олардан алынған зерттеу оң нәтиже көрсетті. Науқастар стационарға, ем алу мақсатында жатқызылды. Аталған азаматтармен қарым-қатынаста болуы мүмкін адамдардың тізімі нақтыланып жатыр. Алдағы уақытта ол азаматтар да оқшауландырылады. Бүгінгі таңда облыстың ауруханаларында ем алып жатқан науқастардың жағдайы бірқалыпты, емдеу жалғасуда», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Қызылордада 28 наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелсе, 29 наурызда ол науқаспен қарым-қатынаста болған медбикеден де сол диагноз анықталды. 30 наурызда коронавирус жұқтырған тағы үш науқас нақтыланды.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс тұрғындарына үндеу жолдады.


Жоғары қарай