Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қызылордада «Ер Едіге» жыры насихатталды

2019 жылдың 18 қыркүйек 2019 14:37

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «Ер Едіге» жыры туралы тарихи-танымдық шара өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш шара Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын насихаттау мақсатында қолға алынды. «Еңсесі биік Ер Едіге» атты тарихи-танымдық кеш барысында ұлы дала тарихынан кеңінен мағлұматтар айтылды.

Шара барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек, аталмыш жоғары оқу орнының оқытушысы, магистр Гүлжауһар Байқадамова «Ер Едіге» атты тарихи қаһармандық жырдың мән-мазмұнын жан-жақты баяндап берді.

Шара барысында «Ер Едіге» жыры туралы Шоқан Уәлиханов, Платон Мелиоранский, Григорий Потанин, Василий Радлов, Иван Беляев, Әбубәкір Диваев, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сияқты белгілі ғалымдардың зерттеулері таныстырылды.

«Ер Едіге – тарихи қаһармандық жырлардың ортақ атауы. Ол - Әмір Темір заманында өмір сүрген көреген мемлекет қайраткері. Алтын Орда хандарының ақылшысы, халық қамқоры болған. Едіге батырдың Тоқтамыспен арадағы соғыстарын арқау еткен атарихи туындылар ел арасына кеңінен тараған. Едіге жайлы тарихи құжаттар Мәскеу мұрағаттарында, Никонов шежіресінде, «Дүние жүзі тарихының» 3-томында кездеседі. Оның өмірі мен соғыстары туралы жырлар мен аңыздар қазақ қана емес, татар, ноғай, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, қырым татарлары, құмық, түрікмен, секілді халықтарда жиі кездеседі», - деді Бақытжан Ахметбек.


Жоғары қарай