Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қызылордада Қорқыт мұралары жөнінде ғылыми конференция өтті

2019 жылдың 21 қыркүйек 2019 00:28

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Қорқыт ата мұраларының түркі әлеміндегі рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Аталмыш шара кеше облыста басталған «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда Түркия, Иран, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан белгілі ғалымдар келді. Сондай-ақ, олармен бірге қазақстандық зиялы қауым өкілдері және жас буын ғалымдар да тәжірибе алмасты.

Конференцияның ашылу салтанатына еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айнұр Мырзабекова, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы, «Dede Gorgud» Ұлттық қорының президенті, «Азербайджан дуниясы» халықаралық журналының құрылтайшысы және редакторы Эльдар Исмаилов, ТҮРКСОЙ ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев және Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты.

Дәстүрлі өнер фестивалі Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Халықаралық фестиваль 2006 жылдан бері Сыр өңірінде тұрақты түрде жалғасын тауып келеді. Өнер шарасы биыл ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлесе отырып бесінші рет өткізілуде. Мәдени шара түркі тілдес елдердің ұлттық фольклорын зерделеуге, өнерімен танысуға үлкен үлес қосып отыр.

«Рухани жаңғырудың бастауы - ұлттық құндылықтар. Жалпы, Қорқыт Ата мұрасының бәріміз үшін орны бөлек, маңызы ерекше. Осы ретте түркі халықтарына ортақ Қорқыт ата мұрасын насихаттай отырып, ауызбірлігіміз бен ынтымағымызды нығайту, мәдениетіміз бен өнерімізді дамыту - баршамыз үшін зор жетістік болмақ», - деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.

Естеріңізге сала кетейік, Қорқыт ата кесенесі Елбасы тапсырмасымен 2015 жылы қайта жаңғыртылды. Сол аумақта «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» қоса салынды. Кешен ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесінің нысандарының бірі ретінде танылып, оған сан мыңдаған туристер келді.

Сондай-ақ, 2018 жылы 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата рухани мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енді.

Сондай-ақ, Қызылордада Сыр сүлейіне арналған жыр кеші өткізілді.

Жоғары қарай