Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған турнир аяқталды

2021 жылдың 2 мамыр 2021 15:34

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада мəнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған республикалық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бәсеке Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде 29 сәуір - 1 мамыр аралығында өткен жарыс биыл бесінші мәрте жалауын көтерді.

Республикалық турнирге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және бірқатар облыстардан 10 команда қатысты. Дүбірлі сайыста 5-18 жас аралығындағы спортшылар қысқа жəне еркін бағдарламаларда өнер көрсетті. Жарыс карантин талаптарын сақтай отырып, көрермендерсіз өткізілді.

«Менің атымда мұндай жарыстың болуы - өзім үшін үлкен мақтаныш. Турнир жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың дайындығы да, ойын көрсетуі де ұнады. Ең бастысы, осындай турнирлер арқылы спортшылар өзін шыңдап, еліміздің атын әлемге әйгілі етсе екен деймін. Жалпы, осы доданың өтуіне қолдау көрсеткен әрі мен үшін жанкүйер болып жүретін жерлестеріме айтар алғысым шексіз», – деді Элизабет Тұрсынбаева.

Бүгінде Қызылорда облысында 60-қа жуық бала мәнерлеп сырғанаумен айналысса, бұл турнирге аймақ атынан онға жуық спортшы қатысты.

«Өңірде мәнерлеп сырғанау спорты дамып келеді. Ал оған Элизабет секілді ел мақтанышы сүбелі үлес қосары анық. Мен кәсіпкер ретінде мұндай турнирлерді қолдауға дайынмын. Себебі алдағы уақытта Сыр жастары арасынан еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғайтын дарынды спортшылар өседі деп сенемін», - деді облыстық коньки спорты федерациясының президенті Мағжан Ерәлиев.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қызылорда облысы,
Жоғары қарай