Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада шілдеде 1,2 мың адам коронавирус жұқтырды

2021 жылдың 20 шілде 2021 02:28

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 1-18 шілде аралығында 1 208 адам коронавирус жұқтырды. Бұл өткен аймен салыстырғанда 5,5 есеге өсіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде 19 шілдеге дейін коронавирус инфекциясының 8 356 жағдайы тіркелді. Салдарынан 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 1016,1 құрады. Оның ішінде 55 пайызы клиникалық белгісімен анықталса, 45 пайызы сипмтомсыз.

Барлық тіркелген жағдайдың 61,6 % Қызылорда қаласының үлесінде, ол 5 150 тұрғын. Аудандар бойынша Аралда - 381, Қазалыда - 393; Қармақшыда - 390, Жалағашта - 240, Сырдарияда - 474, Шиеліде - 594, Жаңақорғанда - 734 адам инфекция жұқтырған.

«Тіркелген коронавирус инфекциясының 2 пайызы сырттан келсе, 58 пайызы скрининг тексеру барысында белгілі болған. Ал 40 пайызы қарым-қатынас арқылы жұқтырған. Ауруға шалдыққан 7 082 науқастың 86,3 пайызы емделіп шықты.

Инфекция жұқтырғандардың жас шамасы әртүрлі. Олардың арасында жаңа туған нәресте мен егде жастағы азаматтар да бар. Соның ішінде 20-69 жас аралығындағы азаматтардың үлес салмағы басым», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Оның айтуынша, шілде айының соңғы аптасында күнделікті 60 жағдайдан бастап 140 жағдайға дейін тіркелуде. Ал 18 шілдеде облыс бойынша биыл ең көп науқас тіркелген, ол 140 жағдайға жетті.

Қазір облыс тұрғындары арасында балалардың қатерлі індетке шалдығуы жиілеп келеді. Мәселен, биылғы жылдың 6 айында 18 жасқа дейінгі балалар арасында 765 жағдай болса, оның 211-і шілде айының 18 күнінде тіркелген.

Еске салсақ, Қызылордада 201 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.

Жоғары қарай