Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қызылордада «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдығының тұсаукесері өтті

2021 жылдың 11 желтоқсан 2021 23:40

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдығының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту ретінде Қызылорда облысында «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдығының тұсауы кесілді.

Алдымен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова белгілі журналистермен кездесіп, ақпарат саласының даму қарқыны туралы ой өрбітті.

Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп және «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай шақырылды және облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет пен «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев қатысты.

Аймақ басшысы қалам иегерлері халық пен билік арасында алтын көпір екенін атап өтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде «Сыр журналистикасының тарихы» атаумен 5 томдық кітабы жарыққа шығып отырғанын жеткізіп, бұл журналистерге деген құрметтің бір дәлелі деді.




«Облыс журналистикасындағы таланттардың құрметіне «Сыр журналистикасының тарихы» деген атаумен 5 томдық кітап жарық көріп отыр. Жалпы журналистика тарихында, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында – «Дала уалаяты», «Қазақ газеті», «Айқап», «Сарыарқа», «Абай», т.б. газет-журналдар жарық көргені белгілі. Олар ішінара Сыр бойына да таралды. Сыр өңірі – қаймағы бұзылмаған тіл мен рухтың, қазақылықтың қайнаған ортасы. Елбасымыздың «Алаштың анасына» балаған құт мекен ұлтжанды, халықшыл журналистердің ордасы, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

«Достық үйінде» аталған жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға мәртебелі меймандармен қатар Түркістан облысының БАҚ өкілдері, қызылордалық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жинақтың І томында «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» газеттерінің және шығармашылық қауым өкілдерін бір арнаға тоғыстырған «Сыр медиа» ЖШС-нің тарихы топтастырылған. Ал, ІІ томында «Ақмешіт апталығы» мен аудандық 7 басылым туралы ақпараттар жинақталса, ІІІ кітапта аймақтағы электронды БАҚ, баспахана тарихы және республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері туралы анықтамалық көрсетілген. ІV томнан облыстағы тәуелсіз басылымдар туралы ақпарат алуға болады. Ал соңғы жинақта оқырмандар ақпарат саласында Сыр бойынан шыққан айтулы тұлғалар мен журналистердің тәжірибесін, шеберлік дәрістерін оқып-біле алады.


Жоғары қарай