Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордада тұрғындардың 98,9 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған

2021 жылдың 30 мамыр 2021 17:41

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында тұрғындардың 98,9 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде барлығы 234 елді мекен бар. Олардың арасында 4-і қала (Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр) болса, қалғаны ауылдық мекендер саналады. Қалалық орындар таза ауыз сумен толықтай қамтылса, ауылдық жерлердің басым бөлігі таза ауыз суды тұтынып отыр.

Облыста барлығы 230 ауылдық елді мекеннің 195-і Арал-Сарыбұлақ, Октябрь, Жиделі топтық су құбырлары және орталықтандырылған ішкі су тарату жүйесіне қосылған. Онда тұратын адамдар саны 439 мыңға жуық. Сондай-ақ, 35 елді мекен орталықтандырылмаған немесе халық су тарату желісі жоқ оқшау скважиналардан, құдықтардан, тасымал арқылы су ішеді. Олардың саны 9,7 мың адамды немесе ауыл халқының 2,2 пайызын құрайды.

«Биыл облыста бірқатар елді мекендерде ауыз су сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынады. Атап айтқанда, Қазалы ауданы Жанқожа батыр, Майдакөл елді мекендерінде сервистік су желісі, Қармақшы ауданы Төретам ауылдарында су жүйесінің құрылысы жүргізіледі. Одан кейін Байқоңыр қаласында кәріз жүйесін жаңарту, Жаңақорған аудандарындағы Төменарық, Сунақата, Екпінді елді мекендерінде су жүйесін жаңарту және кеңейту басталады. Ал Жаңақорған кентінде 2017-2019 жылдар аралығында ішкі су жүйесі салынған болатын. Өткен жылдан бастап Жаңақорған кентінде сервистік желілері салынуда. Осы аталған жобалар биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Арал ауданы Абай-Тоқабай және Ақбасты елді мекендерінде Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосу жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Жобалардың қаражаты ауқымды болғандықтан (жалпы құны – 6,8 млрд теңге) құрылысы кезең-кезеңмен іске асады», - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық баскарма басшысынын орынбасары Ерлан Жоламанов.

Басқарма мәліметінше, Жаңақорған ауданының 27 ауылын ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін 2019 жылдың соңында Сырдария топтық су құбыры іске қосылды. Ал Талап топтық су құбырының құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда.





Жоғары қарай