Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Қызылордада «Ұлы даланың сарқылмас үні» атты өнер экспедициясы өткізілді

2019 жылдың 7 шілде 2019 18:49 854

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында  «Ұлы даланың сарқылмас үні» атты өнер экспедициясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш игі шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында жүзеге асырылды. Оны Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары ұйымдастырды.  

Өнер экспедициясына  Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттері қатысты.  Бұл шараның негізгі мақсаты - жас өрендердің қазақтың аспаптық музыкаға деген қызығушылығын оятып,  ұлттық өнерге деген құрметтерін  арттыру. Экспедиция мүшелері аталмыш мәдени шараны алдымен Жалағаш ауданындағы «Ақтерек» сауықтыру лагерінен бастады.  Өнерпаздар домбыра, адырна, жетіген, қобыз, керней, үскірік және сазген секілді қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен «Құсни қорлан», «Халқым-ай», «Жыр бастау» шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ фольклорлық ансамбльдің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлері жас өрендердің көңілінен шықты.


null 

Лагерьде дем алып жатқан жас өрендер алдында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіқалықова сөз алды. Ол кісі ұлттық өнердің жас ұрпаққа тигізетін пайдасы жөнінде әңгімелеп берді.

«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар. рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қазақтың тарихы мен оның құндылықтары, оларды жаңаша жаңғырту мен жаңарту жолдары жайлы айтылған. Еліміздің түп тарихын зерттеу мен ұлттық мұрамызды әлемге әйгілеуге бағытталған ірі жобалар айтылған. Дала фольклоры мен музыкасын қайта жаңғырту бағытында атқарылатын жұмыстар барысы сараланған. Біз - салт-дәстүрге өте бай елміз», - деді Әлима Әбдіқалықова.

Одан кейін экспедиция мүшелері Сырдария ауданындағы «Жалын» лагерінде болды. Өнер экспедициясы мүшелері оқушыларға концерттік бағдарламамен бірге ұлттық музыкалық аспаптар туралы әңгімелеп берді. Осы мақсатта «Атадан қалған асыл мұра» атты танымдық шара өткізді. Онда лагерь тынығушылары 40 жылдам астам тарихы бар қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттерінің халықаралық деңгейде орындап жүрген шығармаларының шығу тарихымен танысты. Аталмыш шара барысында оқушылар жетіген, қылқобыз, шертер секілді ұлттық музыкалық аспаптардың шығу тарихымен танысты.


null 

Өнер экспедициясының мүшелері дәл осындай мәдени шараны Қызылорда қаласындағы «Сырдария» тынығу лагерінде де ұйымдастырды. Онда халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен, салт-санасынан, әдет-ғұрпынан хабар беретін музыкалық аспаптар жайында сыр шертіп, өз өнерін көрсетіп қайтты.

Бұдан бұрын Қызылордада латын әліпбиі жөнінде семинар өткенін хабарлаған едік.

 

 

Жоғары қарай