Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қызылордалық полицейлер жолда қалып қойған 724 жолаушыға көмектесті

2019 жылдың 11 желтоқсан 2019 16:02

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полицейлер жолда қалып қойған 600-ден астам көліктің жүргізушілері мен жолаушыларына көмек көрсетті. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

10 желтоқсан күні кешкі сағат 18:30-дан бастап «Самара - Шымкент» тасжолының 1240 – 1646 шақырымында, яғни Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта ауа райының қолайсыздығына барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды. Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері оқыс оқиғаның алдын алу үшін тәулік бойы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолын патрульдеп, дереу күшейтілген кезекшілікке көшті.

«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері жолдың 400 шақырым аралығын жауып, тәулік бойы жұмыс істеді. Нәтижесінде 440 жүк көлігі, 156 жеңіл және 10 қоғамдық көлікке көмек көрсетті. Жалпы 600-ден астам көліктің 724 жолаушысына, оның ішінде 240-қа жуық әйел мен 35 балаға көмек көрсетілді. Кезекшілік жасап жүрген полиция қызметкерлері оларды жақын маңдағы кешендерге жеткізіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, жайғастырды» делінген хабарламада.

Әртүрлі техникалық ақауға байланысты тұрып қалған автокөлік жүргізушілері мен жолаушыларына алғашқы көмек көрсетіп, көлік ақауын жөндеу үшін жақын маңда орналасқан кешендерге жеткізді.

Көліктер автотұрақтарға қойылды. Көктайғақ салдарынан қойылған шектеуге байланысты 6 полиция экипажы тәулік бойы жұмыс істеді.

Бүгін жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден бастап көктайғаққа байланысты жабылған жол ашылып, қозғалыс қайта жанданды. Жүргізушілер мен жолаушылар сапарын әрі қарай жалғастырды.

Қазіргі таңда республикалық маңызы бар тасжолда полицейлер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Жоғары қарай