Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылордалықтардың 72,7 пайызы вакцинаның бірінші компонентін алды

2021 жылдың 17 қыркүйек 2021 16:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында коронавирусқа қарсы вакцина алу процесі қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде облыс тұрғындарының 72,7 пайызы вакцинаның бірінші компонентін алған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыста ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алу қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде вакцина алуға рұқсаты бар 291 237 адам екпенің 1-ші компонентін алды. Бұл өңір халқының 72,7 пайызын құрайды. Және 243 425 адам вакцинаның 2-ші компонентін алып, 60,7 пайызды құрап отыр. Облыс аумағында 103 вакцина алу бекеті жұмыс істеп тұр, оған 133 дәрігер және 89 қосымша маман тартылды», - деді Б. Шәменова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, спикер өңірдегі жалпы эпидахуалға тоқталып өтті.

«Бүгінде біздің облыс «сары аймақ» қатарында. Өңірде коронавирус жұқтырған 17 247 адам тіркелсе, оның 91 пайызы жазылды. Сол сияқты науқастарға арналған 1160 төсек-орын бар, оның ішінде реанимациялық төсек-орын саны 135, қазір ондағы жүктеме көлемі 30 пайызды құрап отыр. Эпидемиологиялық ахуал ушыққан жағдайды төсек-орын санын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар», - дейді ол.

Сондай-ақ, әкім орынбасары облыста дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 2 айлық қоры жасақталғанын тілге тиек етті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталған облыста 3 мыңнан астам нысан «Ashyq» жүйесімен жұмыс істеп тұр.

Айта кетсек, Қызылорда облысында оқу жылы басталғалы 200-ден астам оқушы коронавирус жұқтырған.



Жоғары қарай