Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Лаура» дауылы: Луизиана штатындағы химия зауытында хлор ауаға тарап кетті

2020 жылдың 28 тамыз 2020 12:17

ЛУИЗИАНА. ҚазАқпарат – Бейсенбі күні Мексика шығанағындағы жағалауда «Лаура» дауылы соғып, соның салдарынан Луизианадағы зауытта хлор ауаға тарап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Independent сайтына сілтеме жасап.

Луизиана химия зауытында жоғары уытты хлордың тарап кетуіне байланысты тұрғындарға терезелер мен есіктерін жауып, сондай-ақ кондиционерді өшіріп, үйде болуға кеңес берілді. Зауытта мемлекеттік полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Бұл жағдай АҚШ-тың Луизиана штатының батыс бөлігіндегі Уэстлейк қаласындағы «BioLab» химиялық элементтерін шығаратын кәсіпорында орын алған.

«Fox» арнасының метеорологы Брэд Соудер өзінің Твиттерінде жағдайды «аса қауіпті» деп бағалаған.

Әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларда зауыттың үстінде сейілмей тұрған бұлтты көруге болады. АҚШ-тың Мексика шығанағының жағалауында мұнай-химия саласының тағы бірнеше кәсіпорны орналасқан.

«BioLab» зауыты 1979 жылы салынған және трихлоризоцианур қышқылын, хлорлайтын түйіршіктерді және тұрмыстық тазартқыштарда қолданылатын басқа да химиялық заттарды өндіруге мамандандырылған. Бұл өнімдер адамдар мен жануарлардың ағзасына түскен жағдайда қауіпті.

«BioLab» зертханасы тиесілі «KIK Custom Products» компаниясының өкілі компания зауыттарының бірінде өрттің әлі сөндірілмегенін хабарлады. Сондай-ақ қазіргі таңда Лейк-Чарлз қаласы тұрғындарының қауіпсіздігі мен әл-ауқаты басты орында екенін де атап өтті.

Апат орын алған зауытқа арнайы топ жіберілді. Оларға жедел әрекет ету, жергілікті басқару және табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері де қосылды.

«Лаура» дауылы сағатына 70 миль жылдамдықтағы тропикалық дауылға дейін әлсіреді. Дауыл бейсенбі күні таңертең АҚШ-тың Мексика шығанағының жағалауында сағатына 150 миль жылдамдықпен соғып бастаған болатын


Басты сөздер: Оқиға, Америка, Әлем,
Жоғары қарай