Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Литвада «Ұлы дала әйелдері» көрмесі ашылды

2021 жылдың 19 мамыр 2021 20:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Литваның А. Мицкевич атындағы Вильнюс округінің қоғамдық кітапханасында «Ұлы дала әйелдері» фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш шара Қазақстанның Литвадағы Елшілігі, ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатының, сондай-ақ «Women of Kazakhstan» ҮЕҰ Қазақстан әйелдері виртуалды музейінің қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Литва жұртшылығының назарына тарихтың әртүрлі кезеңдерінде ұлттық мәдениеттің, өнердің, ғылымның, саясаттың және спорттың дамуына өз үлесін қосқан Қазақстан халқының көрнекті өкілдерінің суреттері ұсынылды.

Көрмені ашқан Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев ел тәуелсіздігінің қалыптасуындағы әйелдердің баға жетпес рөлін атап өтіп, оларды Қазақстан халқының басты байлықтарының бірі деп атады.

Сонымен қатар, дипломат жиналған қонақтарды әйелдердің экономикаға, саясатқа, қоғамдық қызметке қатысуын кеңейту жөніндегі мемлекетіміздің жүйелі шараларымен таныстырды. Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша әйелдер мен жастар үшін парламенттік сайлауда олардың кандидаттарының партиялық тізімінде 30 пайыздық квота енгізілгенін атап өтті.




Ашылу рәсімі барысында Елшілік Литвада ғұлама ғалым әрі философ әл-Фарабидің 1150 жылдығын және ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеуге белсенді қатысқан Литва қайраткерлеріне Мемлекет басшысының және Мәдениет және спорт министрінің атынан алғыс хаттарды табыс етті.




2020 жылдың барысында Литвада ұлттық қауымдардың үйінде әл-Фараби орталығы және Вильнюс округінің қоғамдық кітапханасында Абай атындағы оқу залы ашылды. Сонымен қатар, Ә. Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» повесі литва тіліне аударылып, М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қайта басылып шығарылды.

«Қазақ университеті» баспасынан шыққан әл-Фараби мен Абайға арналған Кітаптар өңірдегі ең ірі «Vilnius Book Fair» кітап жәрмеңкесінің аясында таныстырылды. Сонымен қатар, Литвадағы тоғызқұмалақт қазақ ұлттық зияткерлік ойыны бойынша кезекті жарыс Абайдың мерейтойына арналды.








Жоғары қарай