Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәдениет және спорт министрлігінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды

2019 жылдың 26 қараша 2019 16:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңесін ашу мен екіжақты ынтымақтастық туралы меморандум бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еліміздің барлық өңірлерінде адалдық алаңы жобасын іске асыруда. Оның басты мақсаты тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыру болып табылады. Қазіргі уақытта бұл жоба қоғамға үлкен серпіліс беріп, көптеген әлеуметтік маңызды салаларда сәтті жүзеге асырылып келеді. Біз де бұл бастаманы қуана қолдаймыз», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен кездесуде.

Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Мәдениет және спорт министрлігінің парасаттылықты насихаттаудағы айрықша рөлін атап өтті.

«Мәдениет және спорт министрлігі қай заманда да ұлттық ұлы істерді ұйыстырып, биік парасатты құндылықтарға негізделген руханияттың алтын қазығы болып саналған. Ұлттық тәрбиесіз арлы адам мен парасатты пайымның болмайтыны анық. Сондықтан, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен парасатты қоғамды көздеген агенттік пен министрліктің бастамалары байыпты, жемісті боларына сенімдімін. Парасаттылық идеологиясы - жемқорлыққа қарсы күрестің басты қағидасы. Біз парасаттылық арқылы қоғамда жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыруға, адамгершілік нормаларын сіңіруге тырысамыз», - деді Олжас Бектенов.

Жоғары қарай