Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мағзұм Мырзағалиев экологиялық құқықбұзушылық үшін жазаны не үшін күшейту керектігін түсіндірді

2020 жылдың 28 қазан 2020 12:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экология мәселелері бойынша қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы министр Парламент Мәжілісінде толығырақ айтып берді.

«Негізі профилактикалық тексерулер жылына бір реттен көп өткізілмейді. Соның салдарынан тексеріс кезінде бір немесе одан көп жыл бұрын жасалған құқықбұзушылықтары анықталған кәсіпорындар тиісті жазадан құтылып кетіп жатады. Тағы бір айта кетерлігі, тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір ірі кәсіпорындар жүйелі түрде жыл сайын бір құқықбұзышулыққа бірнеше рет жол береді. Осыған орай заң жобасында 3 жылдың ішінде экологиялық заңнаманы жүйелі бұзатын ірі кәсіпорындарға қатысты неғұрлым қатаң жаза қолдану қарастырылған», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, негізі аталған норма қазір де бар, бірақ ескіру мерзімі бір жыл болғандықтан рецидив институты іске аспай жатыр.

«Бұл өз кезегінде ірі кәсіпорынды жүйелі құқықбұзушылықтар жасамауға ынталандырмайды. Осыған байланысты мерзім 3 жылға дейін ұзартылды. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік құқықбұзушылық үшін белгіленетін айыппұлдарды ұлғайтуға басты себепші болған жайт - табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаның ластануына жол бермеу бойынша шараларды толыққанды орындамауы және қажетті модернизацияны жүзеге асырмауы. Негізі қазіргі әкімшілік айыппұлдар ынталандыру тетігі бола алмай тұр. Бір сөзбен айтсақ, табиғат пайдаланушылары үшін құқықбұзушылық пен жіберген олқылықтарды жоюдың орнына айыппұл төлеу әлдеқайда тиімдірек», - деді ол.

Министрлік сол себепті экологиялық құқықбұзушылықтар үшін санкцияларды қатаңдату көздеуде. Мысалы қоршаған ортаға нормативтен тыс және рұқсатсыз эмиссиялар үшін әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есе, ал қалған құқықбұзушылықтар бойынша орта есеппен 2 есе ұлғаяды.

Айта кетсек бүгінгі Парламент Мәжілісінің отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Экологиялық кодексінің жобасын қорғаған болатын.


Жоғары қарай