Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Мағзұм Мырзағалиев өңірлерде су тасқыны болатын болжамды мерзімді атады

2020 жылдың 25 ақпан 2020 10:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өңірлерде су тасқыны болуы мүмкін болжамды мерзімді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалыптасқан гидрометеорологиялық жағдай негізінде Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында көктемгі су мөлшері көп болады деп күтілуде. Температура көтеріліп, нөсер жауын болған жағдайда ақпан айының соңы мен наурыз айында Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және батысында қар жамылғысының аздығына қарамастан су тасқыны болуы мүмкін. Қардың жиналуы наурыз айында да жалғасатынын атап өткім келеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша Қазгидромет наурыз айынан бастап апта сайын гидрологиялық болжамдарды ұсынып отырады. Оған дейін бұл болжам ай сайын ғана жасалып келген.

«Бұл болжам 3 күн сайын жаңарып отырады. Одан бөлек, су тасқыны қаупі төнген жағдайда 2-3 тәулік бұрын дауылды ескерту жарияланады. Негізі осындай ескертулер норма бойынша 6 сағат бұрын берілуі тиіс. Бүгінгі таңда Қызылорда облысындағы Сырдария өзені және Алматы облысы Іле өзенінде мұздың әлсіреуі жүріп жатыр. Ол өз кезегінде судың жайылма учаскелерге шығуына әкеп соқтыруы мүмкін. Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының таулы өзендерінде қатты жауын-шашыннан су тасқыны қалыптасуы мүмкін», - деді ол.

Оның айтуынша, наурыз айындағы синоптикалық болжамға сәйкес ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым аумағында климаттық нормадан жоғары болады.


Жоғары қарай