Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Мақтааралда өзбекстандық сарбазды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда

2020 жылдың 29 маусым 2020 15:27

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Су тасқыны болған Мақтаарал ауданында каналдардан Өзбекстандық сарбазды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда. 20 маусымда басталған шараға Түркістан облысы мен Шымкент қаласының сүңгуірлері мен кинологтары қатысып, олар жалпы 120 шақырым жерді қарап шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қалалық ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, Өзбекстан Республикасы Ұлттық ұланының 1992 жылы туған әскери қызметкерін іздестіру жұмыстары Жеңіс, Жаңатұрмыс елдімекендерінің жанындағы каналдар маңында жүргізілуде. Бұл жұмыстарға Шымкент қалалық ТЖД Жедел-құтқару жасағының 3 құтқарушысы, 2 кинологиялық есебі, Шекара қызметінің 1 қызметкері, Өзбекстан Республикасы ТЖМ жедел-құтқару жасағының 3 құтқарушысы жұмылдырылған. Іздестіру жер үсті, су үсті және су асты тәсілдерімен жүргізілуде.

«Іздестіру жұмыстары Жетісай ауданында да жалғасуда. Құтқарушылар 27 маусымнан бастап Атақоныс елдімекенінен Атамекен ауылдық округінің Қоғалы елдімекеніне дейін моторлы қайықпен қарап шыққан. Орталық аштық-дала арнасынан іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Мұнда құтқарушылар 48 км жерді қарап шыққан. Алайда нәтиже жоқ. Су астында 400 метр жерді қарап шыққан. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда» делінген хабарламада.

Айта кетейік, із-түзсіз кеткен өзбекстандық сарбаз су тасқыны кезінде жоғалып кеткен болатын. Ол көрші елдің аумағында табылмаған соң Өзбекстан республикасының өкілдері оның Қазақстанның Мақтаарал ауданы аумағынан іздеуге қолғабыс ету жөнінде көмек сұраған болатын.


Жоғары қарай