Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Мақтааралда шілденің бірінші күні 55 үйдің құрылысы аяқталады

2020 жылдың 24 маусым 2020 14:45

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Мақтаарал ауданында топан судан шардап шеккен үш ауылдың тұрғындарына салынып жатқан жаңа мөлтек ауданның құрылысы қарқынды. Мұнда қазіргі таңда 386 үйдің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мырзакент ауылында салынып жатқан мөлтекауданда бүгінде 46 үйде ішкі әрлеу, 54-інде шатыр жабу, 239-ында қабырға қалау жұмыстары жүргізілуде. Ал, 77-сінде бірінші жаппасын жабу, 10-ында іргетасын қалау жұмыстары жалғасуда. Жаңадан салынып жатқан 386 үйдің 196-сы үкіметтік резервтен, ал 190-ы қорлар есебінен бой көтеруде.

«Алдағы 1-ші шілде күні 55 үйдің құрылысы толық аяқталып, 100 үйдің шатыры жабылып бітеді деп жоспарлап отырмыз. Құрылыс қарқыны бір сәтке де бәсеңдеп отырған жоқ. Мердігер мекемелер екі кезеңде жұмыс істеуде. Яғни, күндізгі және түнгі ауысымда жұмыстарын жалғастыруда. Әзірге құрылыс материалдарынан немесе құрылысшылардан тапшылық орын алып отырған жоқ»,- дейді Мақтаарал аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбеков.

Жаңа мөлтекаудандағы 70 гектар аумақта тұрғын үй құрылысынан бөлек, инфрақұрылымдық яғни газ, су, жол, жарық тарту жұмыстары қатар жүргізілуде. Сондай-ақ, 1200 орындық мектеп пен 280 орындық балабақшаның орнын әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Айта кетейік, жаңа мөлтекауданда 31 мердігер компания мен оның 1507 құрылысшысы еңбек етуде. Өздеріне тиесілі үйлердің құрылысын жүргізуде жетісайлық «Нүрі-Л- Жетісай» құрылыс компаниясы алдыңғы қатарда келеді. Олар қазірдің өзінде 9 үйдің ішкі әрлеу жұмыстарын бітіруге таяу. Жалпы аталған компания осындағы 20 үйдің құрылысын жүргізу құқығын иеленген болатын. Бүгінде мердігер компанияда 110 құрылысшы мен 20-ға тарта техника тоқтаусыз жұмыс істеуде.


Жоғары қарай