Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мақтаралда көктемгі егіс жұмыстары басталды

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 16:30

МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Мақтаарал ауданының шаруалары қаңтардың қақ ортасында диқаншылықты бастап жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригада қатысып, қызу жұмыстар жүргізілуде.

Қаңтардың жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың жай-күйінен хабар алу үшін аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов пен аудандық ауыл шаруашылыы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбеков «Сабыр» шаруа қожалығына барды.

Шағыр Кушербаевтың басшылығындағы қожалықтың еншісінде 12,2 гектар жер бар болса, соның 3 гектарына қырыққабат дақылы егіліп жатыр. 60 адамнан құралған бригада қаңтардың әрбір күнін тиімді пайдалануда.

«Жұмысшыларға күніне 3200 теңгеден еңбекақысын төлеп отырмыз. Қырыққабаттың Израиль елінен шыққан «Валикор» атты сортын тамшылатып суару технологиясымен егіп жатырмыз. Негізінен еккен егініміз екі айдың көлемінде пісіп, жетіледі. Егілген көшеттің үстін арнайы жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», – деді Ш. Кушербаев.

Диқандардың айтуынша, ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында 10 гектардан астам жерге қырыққабат егіліп үлгерген. Жалпы, қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта, тағы да басқа дақылдар егуге кіріседі. Осылайша шаруалар бір жылда жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады.

Айта кетейік, биыл 1342 гектар алқапқа көкөніс, соның 500 гектардан астамына қырыққабат егілмек.


Жоғары қарай