Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мамандарға емес, қарапайым адамдарға сенетіндер бар – инфекционист дәрігер

2021 жылдың 27 мамыр 2021 22:21

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин вакцина салдыру сұрақтары туындағанда мамандарға емес, қарапайым адамдарға сенетіндердің бар екенін жасырмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысына биыл 156 950 доза вакцина жеткізілді. Оның 114 950-і «Спутник V» болса, 2 мың дозасы QazVac, 40 мыңы Hayat-Vax.

«Бүгінге дейін 78 мыңнан астам адам І-компонентті салдырса, 37 231 адам екі компонентін де қабылдады. Қазіргі уақытта облыстың барлық емдеу мекемесінде вакцина салдыруға мүмкіндік бар. Сонымен бірге жылжымалы вакцина бекеттері де қарастырылған. Үш ірі базарда арнайы пункт ашылды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазин вакцина салдыру кезінде мамандар кеңесіне құлақ салуға үндеді.

«Вакцинациялау кезінде нағыз маманның кеңесіне жүгінген жөн. Біз зерттеушілер дәлелдеген ақпаратты ғана таратып отырмыз. Елімізде қолданылып жатқан үш түрлі вакцинаның да тиімділігі жоғары. Осы тақырыпта кез келген адамның сұрағына жауап беруге дайынбыз. Жастарға, орта жастағы адамдарға ғана емес, қариялар да вакцина салдырса дейміз. Себебі олар коронавирус инфекциясын ауыр өткеріп жатыр. Шынын айтқанда, олар үйде отырған жоқ. Немере бағады, дүкенге барады. Демек олар да өздерін қорғауы тиіс», - деді Мейрамбек Құрманғазин.

Айтып өтейік, өңірде 93 жастағы қарт та вакцина салдырған. Ол өзін жақсы сезінді әрі кері әсері тіркелмеді.


Жоғары қарай