Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

МӘМС бойынша Call орталық жұмыс істей бастады

2020 жылдың 6 қаңтар 2020 15:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша Call орталыққа тегін хабарласуға болады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына қатысты сұрақтардың жауабын 1406 нөміріне хабарласу арқылы алуға болады.

«Өздеріңіз білетіндей, МӘМС - Қазақстанда алғаш енгізіліп жатқан ірі медициналық жобалардың бірі. Сол себепті халық тарапынан қойылып жатқан сұрақ көп. Осы орайда жұмысты жүйелендіру үшін жыл басынан бастап 1406 нөмірлі Call орталық өз жұмысын бастады», - дейді Айбатыр Жұмағұлов.

Оның айтуынша, орталықтың мақсаты – азаматтарды жиі мазалайтын сұрақтарға жауап беру арқылы пациенттердің мүддесін қорғау.

«Орталыққа МӘМС-ке қатысты барлық сұрақтар бойынша хабарласуға болады. Ол 24/7 сағат бойы жұмыс істейді. Бұл қор жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жасалған дүние. Біз келіп түскен сұрақтарды жеке-жеке қарастырамыз. Егер белгілі бір медициналық мекемеге қатысты шағымдар жиі түссе, қажет жағдайда ол мекемемен жұмыс тоқтатылатын болады», - деді ол.

Сондай-ақ, басқарма төрағасы 1406 нөмірлі Call орталығына азаматтар көбінесе ақыл-кеңес алу мақсатында хабарласатындығын айтты. Қазақстан бойынша қоңырау шалу - тегін.

Еске сала кетсек, бұған дейін МӘМС қорының басшысы биыл аталған жүйе жұмысына бюджеттен 1,6 трлн теңге бөлінетінін айтқан болатын.

Сонымен қатар, Айбатыр Жұмағұлов МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесін қалай білуге болатыны туралы айтып өтті.


Жоғары қарай