Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Маңғыстау облысында ғарыштан бақылау кезінде 148 заңсыз қоқыс орны анықталды

2020 жылдың 26 шілде 2020 04:23

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында ғарыштан бақылау кезінде 148 заңсыз қоқыс төгіліген орын анықталды. Бұл туралы Ақтауда теңіз жағалауында жүргізілген рейдтің қорытындысы бойынша өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Маңғыстау облысында қоқыс төгетін 8 полигон бар. Алайда жаңадан салынған шағын аудандар мен теңіз жағалауында қоқыс мәселесі алаңдатарлық.

Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкеновтың айтуынша, «Ғарыш сапары» АҚ-ның ақпараты бойынша бүгінде өңірде 148 стихиялық қоқыс төгетін орын пайда болған, оның ішінде Ақтау қаласында - 84, Мұнайлы ауданында – 48 және Түпқараған ауданында - 16 қоқыс төгетін орын бар. Жергілікті атқарушы органдар иесіз қалдық үйінділерін жоюды 10 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Жыл басынан қалдықты заңсыз төккен тұлғаларға қатысты 450 әкімшілік материал толтырылған. Көбіне құрылыс нысандарында заң бұзушылық жиі орын алған. Атап айтқанда Ақтау қаласындағы 16, 17, 18, 19, 20-шағынаудандарында құрылыс нысандары салынып жатыр, сол жерлерде қоқысты шашып кету жиі кездеседі.

Мамандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабында осындай әрекет үшін заңды немесе жеке тұлғаларға жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

«Бұдан былай біздің департамент мамандары мүдделі мемлекеттік органдармен, оның ішінде әкімдіктермен, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мекемелерімен, үкіметтік емес ұйымдары және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп, теңіз жағалауындағы демалыс орындарында рейд жүргізеді. Оның мақсаты – адамдарды экологияны қорғау жөніндегі сауатын арттыру, табиғатқа ұқыпты қарап, қоршаған ортаға қамқорлық жасау, Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін сақтау», - дейді өңірдің бас экологы Руслан Төкенов.

Ал, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков болса, уәкілетті органдар заң аясында әрекет ететінін және мәселе тек айыппұл салумен шешілмейді деген пікір айтты. Сондықтан да, түсіндіру жұмыстарына көбірек көңіл бөлу маңызды екенін айтады.

«Біздің мақсатымыз барлығын жазаға тарту емес, керісінше қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру болып табылады. Мәселен, теңіз жағалауында көбіне жастар жүреді, олардың тарапынан заңсыз әрекеттер болса анықтау қиын емес. Себебі теңіз жағалауында бірнеше жерде бейнекамера орнатылған, жаяу патруль кезекшілікке шығады және кінәлі тұлғаларға тиісті жазасын алуда. Бұл ретте ата-аналар тарапынан тәрбиеге көбірек көңіл бөлінсе дейміз», - дейді ол.

Жоғары қарай