Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Маңғыстау өңірінде ауыл кәсіпкерлігіне мемлекеттен 821 млн теңгенің несиесі берілген

2019 жылдың 25 шілде 2019 16:00

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Тек биылдың өзінде маңғыстаулық ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттен 821 миллион теңгенің қолжетімді несиесі берілген.

Соның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен осыған дейін 746 миллион теңге бөлінді. Бұған қоса Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өз қаражатынан ауылдық жобаларға 150 миллион теңге бөлді. Бұл туралы ҚазАқпарат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетерлігі, мемлекеттік бағдарлама аясында Қор төмен процентпен ауыл тұрғындарына несие ұсынып келеді. Бағдарлама аясында кәсіпкер боламын деген жұмыссыз азаматтарға, кәсібін әрі қарай кеңейтемін деген бизнес иелеріне 6 процентпен несие алу мүмкіндігі бар.

Маңғыстау облысында осындай мемлекеттік қолдауға ие болып отырған кәсіпкерлердің бірі Мұнайлы ауданы Баянды ауылының тұрғыны Амангелді Өскенов. Ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 4 миллион теңге несие алып, бес боталы түйе сатып алған. «Айбек» шаруа қожалығы күніне екі мезгіл жеті түйе сауып, 15-20 литр сүт алады. Мейрамханалар мен көрші-көлемге дайын шұбаттың литрін 600 теңгеден сатып отыр.

«Біз кішкентайымыздан түйемен өскен адамдармыз. Оның бабын білеміз. Несие алғанға дейін де өз күшімізбен кәсіпті ақырындап бастап кеткен болатынбыз. Қазір бәрі жақсы, алған малдарымыз өсіп жатыр. Пайдасын көріп, шұбатын ішіп отырмыз. Малымыз өзінің жем-шөбін де ақтайды. Жұмыс істеймін деген адамға табылады. Малдың пайдасы мол. Тірлік еткен адам нанын табады», - дейді Амангелді Өскенов.

Айта кетерлігі, жұмыссыз адам несие алу үшін аудандық Жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Бастау бизнес» жобасының курсынан өтуі керек. Өз кәсібін жаңадан бастап жатқандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі.

«Ауылда кәсіпкерлікпен айналысатындарға 4, 6, 12 миллион теңгеге дейін несие береміз. Берілетін несие көлемі жобаның мақсатына байланысты. Қор тарапынан мал мен құс өсіру бойынша «Игілік» несие өнімі, кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Кәсіпкер», сүт қабылдау бекеттерін дамытуға арналған «Бірлік», тауарлы сүт фермаларын құру және кеңейту бойынша «Ырыс» несие өніміміз бар», - дейді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Маңғыстау облыстық филиалындағы несие бөлімінің басшысы Шолпан Дүйсенбаева.

Маңғыстау өңіріндегі бес аудан да бұл бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда филиалда жалпы сомасы 300 млн теңгеге жуық жобаны несиелеу өтінімдері қарастырылуда.

Ауыл шаруашылық бизнес түрлерімен қатар, Қор ауылда іске асырылатын басқа да кәсіпкерліктерді қаржыландырады. Ең бастысы – бұл қызметтер ауылды жерлерде көрсетілу керек.

Несие сомасы бизнес-жоспарда көрсетілген мақсатта игерілу керек. Несиенің тиісті бағыт бойынша пайдаланылуы қадағаланады.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен Маңғыстау облысында тағы бір бағыт қаржыландырылады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында «Сыбаға» несиелік өнімі бар. Несиелер етті бағыттағы ірі қара мен ұсақ мал басын, техника мен құрылғыларды, мал азығын сатып алуға беріледі.

Оның ерекшеліктері мен жаңалықтарына тоқталсақ, берілетін несие көлемі – 12 млн. теңгеге дейін, мерзімі 7 жылға дейін. Сонымен қоса 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған.

«Маңғыстау өңірінде қойды экспортқа шығарып отырмыз. Ауыл кәсіпкерлері несиелік қаржының арқасында ұсақ мал алып, оны бордақылап, екі жылдан кейін етін тапсырады. Бұл несиеге қол жеткізу үшін шаруашылықтың 150 гектар жері, қорасы болуы міндетті», - дейді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Маңғыстау облыстық филиалындағы несие бөлімінің басшысы Шолпан Дүйсенбаева.

Жоғары қарай