Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Маңғыстауда 17 мыңнан астам кәсіпкерге салықтық жеңілдік жасалды

2020 жылдың 26 мамыр 2020 21:58

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысы бойынша жыл соңына дейін 17 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдеріне салық алымына жеңілдіктер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жөнінде қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов айтып берді.

Ел аумағында төтенше жағдай режимі аяқталғанымен ахуалға байланысты Маңғыстау облысында да карантин режимі мен шектеу шаралары жалғасуда. Өңірдегі аудан, қалалардағы эпидемологиялық жағдайға байланысты карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда бірқатар нысандардың жұмысына рұқсат берілді.

«Бұл жеңілдету шаралары індеттің жойылғандығын білдірмейді. Халықтың, тұрғындардың денсаулығына әлі де қауіп бар. Сондықтан, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн.

Енгізілген шектеу шараларына салғырттық танытып, санитарлық талаптарды орындамай, салғырттық танытып жүрген азаматтар да бар. Бұндай азаматтарға тиісті әкімшілік шара алынуы тиіс. Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу ауданында да карантин режимі толығымен алынған жоқ»,-деді Серікбай Трұмов.

Қазіргі таңда, өңірде бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жұмысына рұқсат беріліп, кейбір шектеулерге өзгерістер енгізілгенімен, індетке қарсы шаралар қатаң сақталуы міндеттеліп отыр.

С.Трұмовтың айтуынша, төтенше жағдай кезеңінде Үкімет тарапынан қабылданған қолдау шаралары Маңғыстау облысында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауда өз нәтижесін беріп отыр. Барлық әлеуметтік көмек, еңбекақы, тиісті қолдаулар уақытылы жүргізілуде. Оның ішінде медицина саласының қызметкерлеріне де мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес төлемдер де дер кезінде берілуде.

- бұған дейін айтылғандай табыс көзін жоғалтқан 153 мыңнан астам адамға 42 500 теңгеден мемлекеттік қолдау төленді;

- «Біз біргеміз» партиялық қайырымдылық жобасы аясында 13 мыңнан астам жанұяға 50 мың теңгеден көмек берілді және бұл шара әрі қарай да жалғасатын болды;

- Аз қамтылған отбасылар үшін сәуір, мамар айларындағы коммуналдық қызметтерге төлемдерін өтеуге 2,2 млрд. теңге қаржы қарастырылды;

- Жұмыспен қамту шараларына да Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қабылданды. Бағдарлама аясында өңірде 144 жоба іске асырылып, 8 500 жұмыс орны құрылатын болады,-деді облыс әкімі.

Үкімет тарапынан кәсіпкерлік саласына да айтарлықтай қолдау шаралары көрсетілуде.

Туризм, қоғамдық тамақтандыру және қонақ үй қызметтері саласындағы кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылды. Микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін барлық салықтар бойынша төлемдер мерзімі ұзартылды.

Жалпы алғанда, облыс бойынша жыл соңына дейін 17 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдеріне салық алымына жеңілдіктер беріліп отыр.

Маңғыстау облысының экономикасы мұнай саласына тікелей тәуелді екені белгілі. Қазіргі таңда әлемдік нарықтағы мұнай бағасының тұрақсыздығы біздегі мұнай өндіруші ірі компаниялардың қызметіне де кері әсерін тигізуде. Сондықтан біз мұнай шикізатына тәуелділікті азайту бағытында экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес салалардың дамуына тың серпін беретін негізгі бағыттарды айқындадық. Олар – өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, сервистік экономика, оның ішінде туризм, сауда, көлік-логистикасы. Аталған салалардың негізгі даму бағыттары бойынша арнайы жоспар жасақталып, әр бағыт бойынша жыл соңына дейін қол жеткізілуі тиіс межелер белгіленді.

«Аталған індет өршіген кезде біраз мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуымен және ерен еңбектерінің арқасында шешімін тапты. Соның ішінде медицина мен құқық қорғау органдары және қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбектерін ерекше айтқым келеді»,-деді облыс әкімі.


Жоғары қарай