Маңғыстауда ауыл баласы сайыстан жеңіп алған 1 млн теңгесін мектебіне сыйлады

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының Сайөтес ауылында тұратын 4-сынып оқушысы Азамат Тоқсанбай сайыста ұтып алған 1 миллион теңгені мектебіне сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл ақшаны ол республикалық байқауда ағаштан жасалған санамағын ұсынып, ұтып алған болатын.
Аталмыш жүлдені Азамат Тоқсанбай мектепке ақшалай табыстамаған.
Білім беруге қажет заманауи құрал-жабдықтарды, интерактивті тақта мен гүл құмыраларын сатып алып, сыйлаған.
Азамат Тоқсанбайдың бұл әрекетін ауылдастары да құптап, алғыс жаудырды.
Қазір ол 4-сынып оқушысы. Сандар әлеміне төрт жастан бастап қызығушылығы оянған екен.
Алғашқы санамақ құралын ол қашықтан оқыту кезінде түрлі-түсті қағаздан жасаған.
Кейінірек оның материалын ағашпен алмастырған.
Өзінің айтуынша, қазір оның санамақтарын 1-сынып оқушылары математика сабағында қолданып жүр.