Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Маңғыстауда Наурыз мерекесін тойлауға 100 мыңға жуық адам жиналды

2019 жылдың 22 наурыз 2019 18:24

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласындағы 15-шағынаудан, теңіз жағалауында Наурызды тойлауға 100 мыңға жуық тұрғын жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыз мейрамы - табиғат ананың жаңарып, жасанатын, қайта түлейтін уақыты. Қазақ халқының көне дәстүрлерінің көпшілігі осы Наурыз мерекесімен байланысты. Осы себепті оның қазақ халқының өмірінде алар орны да ерекше. Биыл Маңғыстаулықтар көктем мерекесін жылдағыдай ерте тойлап бастады. Алдымен, Амалда бас қосқан тұрғындар енді Наурызды дүркіретіп атап өтті.

Теңіз жағалауына әдемі жасаумен 26 киіз үй тігілді. Әрбір киіз үйдің алдында ұлттық тағамдардан мерекелік дастархан жайылып, көпшілікке ұсынылды. Киіз үйлер шағын ауыл түрінде қойылған. Әр киіз үйдің өкілдері қала тұрғындары мен қонақтары үшін театрландырылған қойылымдар қойды. Әз-наурызды атап өтуге жағалауға жүз мыңға жуық адам жиналды.



null

Мерекелік шара 500-ден астам адам қатысқан «Әз - Наурыз-татулық мерекесі!» атты театрландырылған қойылымнан басталды. Маңғыстау әртістері өз қойылымдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған қазақ даласында өмір сүрген ежелгі көшпелі халықтардың жеті қазынасын көрсетті. Қойылым үш актіден тұратын Ұлы Жібек жолы керуені көрсетілді.

Жағалауда ат, түйе, қазақтың тазы иттері мен бүркіттері жүріп өтті.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов барлық жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Наурыз - жаңғыру мен жаңарудың, еңсесі биік елдіктің, татулық пен бірліктің, ырыс пен молшылықтың белгісі. Маңғыстауда наурыз айы қайырымдылық айы болып жарияланды. Ақпан айынан бастап өңірде бірқатар қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Қалалар мен аудандарда жергілікті кәсіпорындар басшыларының, кәсіпкерлердің қолдауымен 1842 мұқтаж адамға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға 32 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған «Қайырымдылық керуен» акциясына бастамашы болып, ол 2019 жыл бойы өткізілетін болады», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.



null

Сондай-ақ, жағалауда қаланың әлеуметтік - экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Құрметті азаматтар мен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді және «Ұлыс күні - Ұлы көш» мәдениет мекемелері ұжымдарының шеруі жергілікті қол өнершілердің жәрмеңкесі, «бауырсақ» жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, қала кәсіпкерлері қонақтарды тәтті тағамдар жәрмеңкесімен қуантты. Қала тұрғындары мен қонақтары «асық ату», арқан тарту, қол күрестіру, дартс, шахмат, қазақша күрес, гір көтеру, тоғыз құмалақ сияқты әртүрлі спорт түрлерінен жарысқа түсті. Іс-шара мерекелік бағдарлама мен облыстың шығармашылық ұжымдарының концертіне ұласты. Сондай-ақ, жағажайда «Жыр ғұмыр» атты әнші-термешілердің қалалық байқауы өтті.




null

Жоғары қарай