Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Маңғыстауда резервке 600 орын провизорлық стационар дайындалды

2020 жылдың 9 шілде 2020 22:10

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда пневмониямен ауырған науқастар саны азаймай отыр. Осыған сәйкес, провизорлық стационарлар жан-жақты дайындалуда, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Бұл туралы Маңғыстаудағы коронавируспен күрес шаралары тақырыбына арналған онлайн брифингіде облыс әкімі Серікбай Трұмов мәлімдеді.

​Жалпы денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 1 766 төсек-орын дайындалды. Соның ішінде, инфекциялық стационарда 230 төсек орын, провизорлық стационарда 1 346 төсек орын және карантин стационарында 190 төсек орын жасақталды. Бүгінгі күні олардың сыйымдылығы 76%-ды құрап отыр. Сонымен бірге, облыс бойынша қосымша резервке 600 төсек орынға провизорлық стационар дайындалды. Резерв провизорлар барлық қала мен аудандарда жасақталды.

​Ал, Маңғыстау облыстық ауруханасы өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты толығымен көпбейінді провизорлық стационарға ауыстырылды. Ол жерде 650 төсек орыны қарастырылған. Ал осыған дейін облыстық ауруханада көрсетілген шұғыл медициналық көмектер енді келесі медициналық ұйымдарға берілді:

1.​«Sofie Medgroup» медицина орталығында травмотология, нейрохирургия және урология бойынша;

2.​«Арчимед» медициналық орталығында кардиология, хирургия және инсульт бойынша;

3.​«Ясин» медициналық орталығында терапия бойынша;

4.​«Нейрон» медициналық орталығында лор және офтальмология бойынша науқастарды қабылдайды.

5.​Сонымен бірге, «Облыстық онкологиялық орталықтың» жаңа ғимараты жақын арада іске қосылатын болады және ол онкология бойынша науқастарды қабылдайтын болады. Аталған медициналық мекемелердегі қызмет тегін көрсетіледі.

​ Жалпы өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған ресми – 1 672 адам тіркеліп отыр, оның ішінде симптомсыз – 1 140 адам бар. 664 науқас емделіп шыққан. Сонымен бірге, облыста пневмония кең таралуда. Бүгінгі таңда 1 025 науқас ем алып жатыр. Күніне орташа есеппен пневмония ауруы бойынша 300-ге жуық адам шағымданып, соның ішінде 150-ге жуық адам ауруханаға жатқызылуда. Алайда, соңғы күндердегі деректер науқастар санының төмендегенін көрсетіп отыр.


Жоғары қарай