Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 376.84
EUR 407.97
RUB 5.91
CNY 53.80

Маңғыстаулық меценаттар «Туған жер» бағдарламасына 12,6 млрд теңге бөлді

2020 жылдың 24 қаңтар 2020 14:57

АҚТАУ. ҚазАқпарат – 2019 жылы Маңғыстау облысының меценаттары 12 млрд 600 млн теңгенің жобасын жүзеге асырды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған шараларды қорытындылауға арналған брифингте Өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Гүлайым Азан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр Маңғыстау облысында көмекке мұқтаж оннан астам отбасы демеушілер қаржысына салынған жаңа үйлерге кіріп, қоныс тойын тойлады. Мәселен, Маңғыстау ауданында «Әр қазақ – менің жалғызым» атты қайырымдылық акциясы аясында «Айтыман» қоғамдық қоры Шетпе мен Қосбұлақ ауылындағы аз қамтылған үш бірдей отбасыға төрт пәтерлі муниципалды үй салып берді», - деді «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Гүлайым Азан.

Ал, Ақтаудың ең шалғай ауданы Бейнеудің 1991 жылғы түлектері бір жанұяға, «Оғыланды-Бекет ата» қоғамдық қорының өкілдері Қарақия ауданының Мұнайшы және Жетібай ауылындағы 10 отбасыға жаңа баспаналардың кілтін табыстаған.

Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылдық округінде тұратын үш отбасыға «Үммет жастары» қайырымдылық қоры баспана көтеріп берсе, Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының екі тұрғынына жеке кәсіпкер Иса Бимырзаевтың, тағы бір жанұяға осы ауылдың тұрғындары қаражат жинап, зәулім үй тұрғызған.

Мұқтаж жандарға қолғабыс етуге бағытталған сауапты жұмыстан ақтаулық меценаттар да қалыс қалмаған. Облыс орталығында тұратын көпбалалы бір отбасыға «K7 Group» серіктестігінің басшысы Ш.Ермекбайұлы пәтер сыйлап қуантса, тағы бір жанұяның шаңырағы «Оңдасынстрой» мекемесінің қолдауымен жөндеуден өткен.

Айта кетейік, өңір азаматтары жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мен бұқаралық спортты дамытуға да белсенді атсалысып келеді. Осы күнге дейін демеушілер есебінен Маңғыстау облысындағы елді мекендерде жеті бірдей спорт кешені салынып, балаларға арналған 16 ойын және спорт алаңы қолданысқа берілді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында жеке және заңды тұлғалардың қаржы бөлуімен «Көрпе-Fest» фестивалінде көпбалалы 15 анаға озық үлгідегі тігін машинасы тарту етілді. Сонымен қатар, Қарақия ауданындағы төрт мектепте инклюзивтік білім беру кабинеті мен Жетібай ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру орталығы ашылды.

Меценат қаржысына Жаңаөзенге қарайтын Теңге, Қызылсай және Рахат ауылында амбулаториялық орталыққа үш жедел-жәрдем көлігі, тұрғындар игілігіне үш автобус сатып алынған.

Осы аталған Қызылсай мен Теңгеде, Маңғыстау ауданындағы Ақшымырау, Таушық, Ұштаған, Шебір елді мекенінде, Қарақияға қарайтын Сенек ауылында, Бейнеу ауданындағы Сарға мен Боранқұлда тұрғындар мен кәсіпкерлер, мектеп түлектерінің демеушілігімен өзі туған ауылды көркейтуде көптеген игі істер атқарылды.

Жомарт жүрек азаматтардың ақшалай қолдауымен Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында «Айдар Ишан» руханият орталығы және Онды, Қызылтөбе ауылында мешіт салынды.


Фото: tumba.kz
Жоғары қарай