Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Марат Бәшімов: Президент ұлттық қауіпсіздікке баса маңыз беріп отыр

2020 жылдың 10 шілде 2020 15:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмаларына қатысты пікір білдірді. Заңгердің айтуынша бұл отырыс бұрынғы жиындардан маңызы жоғары. Себебі қазір Үкіметтің ең маңызды жұмысы – халықтың денсаулығын сақтау болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметтің кеңейтілген бүгінгі отырысы барлық жағынан да маңызды болды. Өйткені халық қазір билік тарапынан нақты қандай шаралар қабылданатынын күтіп отыр. Елдегі жағдайды өзіңіз көріп отырсыз. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де ең алдымен қарапайым халықтың өмірі мен денсаулығын бірінші орынға қоюымыз керектігін айтып кеткен болатын. Бүгін отырыста осы сөзін шегелей түсіп, халықтың денсаулығы – ұлттық қауіпсіздік мәселесімен тікелей байланысты екенін айтты. Яғни Президент ұлттық қауіпсіздікке баса маңыз беріп отыр. Себебі азаматтардың құқықтары мен денсаулығы – ұлттық қауіпсіздік туралы заңның бірінші беттерінде-ақ тұр. Заңгер ретінде Мемлекет басшысының осы сөзіне ерекше назар аудардым», - деді Марат Бәшімов ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген жауабында.

Сарапшының айтуынша Президент Үкімет пен министрліктерге, әкімдіктерге денсаулық сақтау саласын бірінші орынға қойылуы керектігін ескерткенін айтып өтті.

«Үкіметке елдегі ахуалды жақсартуға екі апта берілді. Бұл – Үкімет үшін сынақ болғалы тұр», - деді ол.

Еске сала кетсек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қатысты ахуалды жақсартуға Үкіметке екі апта берген болатын.

«Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды», - деді Мемлекет басшысы.



Жоғары қарай