Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Марқакөлде жергілікті халықтың балық аулау ережесі өзгерді

2020 жылдың 15 шілде 2020 16:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы аумағында браконьерлікпен күрес бойынша 2020 жылға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Марқакөлдегі ахуалға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударып отыр. Өткен жылғы шілдеде Президент Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл көліндегі ұйымдасқан-қылмыстық топ әрекетінің жолын кесуді тапсырған еді. «Құқық қорғау органдарына Марқакөл көліндегі ҰҚТ әрекетінің жолын кесу туралы тапсырма бердім. Браконьерлер уылдырықты көптеп өндіру үшін бұл жерде майқан балығын заңсыз аулауда. Бұл бақылауға алынады», - деген еді Мемлекет басшысы. Уылдырық шашу кезеңінде балық қорын сақтауды күшейту үшін 1 мамырдан 30 маусымға дейін Марқакөлдің айналасында, уылдырық шашатын өзендерде балық қорын тәулік бойы қорғауға арналған 12 бекет орнатылды», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Министрлік прокуратура, полиция, «Охотзоопром» РМҚК, инспекциямен және т.б. ұйымдармен бірлескен 600 жедел рейдтік шара және 11 рейд өткенін баяндады.

«Мамыр айында Ұраңқай өзенінде жалпы майқан тұқымдас 2 балық ұстаған екі жергілікті тұрғын ұсталды. Күршім ауданының №2 аудандық сотының шешімімен кінәлілер айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдар мен залалдар толығымен өндірілді. Марқакөл қорығы аумағында балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу бойынша қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Маусым айында 10 күдіктіге қатысты қылмыстық сот отырысы өтіп, материалдар қосымша тергеуге қайтарылды», - дейді ведомство.

Сондай-ақ, биылғы наурыз айында қызметтік тергеу нәтижелері бойынша белгісіз біреулердің Марқакөл көлінен заңсыз балық аулау фактілері туралы ақпарат расталмады. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ішкі тексеру жүргізді.

«Жыл басынан бері Экология министрлігі қорық аймағындағы Марқакөл көлінде жергілікті халықтың балық аулау ережелеріне өзгерістер енгізді. Арнайы белгіленген балық аулау алаңдарының саны төрттен бірге дейін азайтылды. Бұл жер Марқакөл көлінің солтүстік-шығыс бөлігінде, Урунхайка ауылына жақын жерде орналасқан. Тағы бір өзгеріс – балық аулауға жолдама тұрғылықты жері бойынша тіркелген жеке тұлғаларға ғана беріледі. Сондай-ақ, Министрлік ҚР Парламенті Мәжілісіне майқан балығын үшінші тұлғаларға сатуға тыйым салу туралы және Марқакөл көлінде жыртқыш құстарды (суқұзғын) реттеу туралы ережесін ұсынып отыр. Қазіргі уақытта суқұзғындар саны 2019 жылмен салыстырғанда 20 есе азайды және шамамен 450-і ғана қалды», - дейді Экология министрлігі.


Жоғары қарай