Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәслихат депутаттары арасындағы жастар үлесі 2,7 пайыз - саясаттанушы

2020 жылдың 6 қараша 2020 11:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәслихаттар мен ондағы депутаттардың жұмыс тетіктерін өзгерту маңызды. Мұндай пікірді «Альтернатива» маңызды зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі саясаттанушының Facebook парақшасына сілтеме жасап.

«Пропорционалды жүйе негізінде барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізу - өз өңіріндегі аймақтық (облыстар, аудандар, республикалық маңызы бар қалаларда) және жергілікті (облыстық деңгейдегі қалаларда) парламентті шынында да жұмыс істейтін органдарға айналдырған жағдайда ғана өнімді болады. Бірақ қазір бірқатар фактіге байланысты бұл органдар іс жүзінде әкімдердің бақылауында тұр. Ондағы депутаттар көбінесе өз шаруасымен әлек. Сондықтан олардың жұмысы халықтың едәуір бөлігіне көрінбейді, БАҚ үшін қызықты емес», - деп жазады саясаттанушы.

Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда 3 074 депутаты бар 216 облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттар жұмыс істейді. Сонымен бірге олардың басым көпшілігі «Nur Otan» партиясының мүшелері. Саралап қарағанда мұнда көбінесе бизнес өкілдері басым (35,1%). 51-60 жас аралығындағы топтың басымдығы (42,1%) байқалады. Ал жасы 60 жастан асқан адамдардың үлесі - 29,8%. Мәслихат депутаттары арасында 30 жасқа дейінгі жастардың үлесі 2,7% ғана құрайды. Әйел депутаттардың саны 26,1%-дық үлеске ие.

«Құрамды көріп отырсыздар. COVID-19 пандемиясының шарықтау шегінде жергілікті өкілдік басқару жүйесінде белгілі бір вакумның бары анық байқалды. Мұны праймериз өткізіп отырған партияның басшылығы да ескерген сияқты. Праймеризге партия депутаттарының жартысынан азы (1 410 адам) қатысты. Оның ішінде 1 197 адам партияішілік іріктеудің келесі кезеңіне өтті. Сонымен бірге, осы жылдың 10 мен 17 қарашасы аралығында әр түрлі аймақтарда өтетін партиялық конференцияларда тағы бірнешеуі алынып тасталуы мүмкін. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәслихаттар үшін партиялық тізімнің 60%-дан астам жаңартылады деп күтеді. Әр түрлі мәслихаттарда ұсынылған басқа партиялардың бұл тұрғыда өзін қалай ұстайтыны әлі белгісіз. Дегенмен, олар да өз депутаттарының құрамын түбегейлі өзгертуге бел буған болуы мүмкін», - дейді Андрей Чеботарев.


Жоғары қарай