Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәулен Әшімбаев: Елбасы ел тізгінін қолға алған тұста Қазақстан күрделі кезеңде тұрды

2020 жылдың 30 қараша 2020 15:56

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында, Қазақстан еңсесі тік, іргесі берік мемлекетке айналды.

Осындай пікірді «Нұрсұлтан Назарбаев: Жаһандық ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық онлайн конференция барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, осыдан 29 жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи таңдауын жасап еліміздің Тұңғыш Президентін сайлады. Бұл тәуелсіздік жолындағы ең маңызды қадамдардың бірі.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ғасырға жүк болар үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ата-бабамыз аңсаған арман-мұраттар орындалып, егемен ел болып толық қалыптастық. Қазақстан еңсесі тік, іргесі берік мемлекетке айналды. Мұның бәрі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі»,– дейді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, ол Нұрсұлтан Әбішұлы ел тізгінін қолға алған тұста Қазақстан күрделі кезеңде тұрғанын атап өтті.

«Біздің сол кездегі жағдайымызды ескеріп, болашағымызға сенімсіздікпен қарағандар болды. Тұңғыш Президентіміз сол тығырықтан шығар жолды тауып қана қоймай, өзіне жүктелген тарихи миссияны артығымен орындады. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрып, егемендіктің ең басты тұғырларын бекітіп берді. Ең алдымен шекарадай күрделі мәселе кемеңгерлікпен шешіліп, халықаралық құжаттармен бір жола айқындалды. Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Жер тағдыры, ел тағдыры»,– деген еді. Шекара мәселесі түпкілікті шешілмемесе мемлекеттің тәуелсіздігі баянсыз, болашағы бұлыңғыр болады. Оны бүгінде бәріміз біліп отырмыз. Сондықтан Назарбаев бұл істе салиқалы дипломатияға арқа сүйеді. Тұңғыш Президентіміз осындай көрегендігінің арқасында, шекарамыз бір жола анықталып, бекітілді. Бабаларымзыдан аман болған ұлан байтақ жер мәңгі қазақтың басты байлығына айналды»,– деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар, спикер Тұңғыш Президент мемлекеттік басқару институттарының заманауи үлгісін қалыптастырғанын жеткізді.

«Ел дамуына тың серіпін берген Ата заңымыз қабылданды. Соған сәйкес, билік тармақтары қалыптасып, қос палата – кәсіби парламент, үкімет, сот жүйесі құрылды. Жергілікті әкімдердің жұмысы жолға қойылды. Сол арқылы мемлекет институттары жүйеленіп, әрқайсының мақсат-міндеттері нақтыланды. Қарулы күшіміз жасақталды. Экономика саласында да кешенді реформа жасалып, экономикалық өсімінің жоғары деңгейі қалыптасты»,– деп қорытындылады Мәулен Әшімбаев.


Жоғары қарай