Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәулен Әшімбаев Елбасының «Абай аманаты» атты мақаласына пікір білдірді

2020 жылдың 7 қазан 2020 12:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Елбасының «Абай аманаты» атты мақаласына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының «Абай аманаты» атты мақаласын бір деммен оқып шықтым. Туынды Тұңғыш Президентіміздің Абайды алғаш таныған кезінен басталып, ұлы ойшылдың өсиет сөздерімен өрілген. Мақаланы оқу арқылы Елбасы өміріне, оның ішінде ел басқарудағы іс-әрекетіне ақынның ғибраттары қаншалықты әсер еткенін бұрынғыдан да жақынырақ білдік деуге болады. Шын мәнінде, Нұрсұлтан Әбішұлының әр игі бастамасы данышпанның өнегесіне табан тірейді. Оған Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы шешімі Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген қағидасымен үндесуі айқын дәлел», - деп жазды Сенат спикері Facebook парақшасында.

Мәулен Әшімбаев Елбасы мақалада Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы шешімді қабылдамас бұрын болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматқа Абайша қарап, Абайша баға бергенін айтқанына назар аудартады.

«Осының өзі Абай мұрасының мәңгілік екенін дәлелдейтін дүние. Нұрсұлтан Әбішұлы ғұламаның 150 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтудің елдік, егемендік тұрғысынан қаншалық маңызды болғанын да назардан тыс қалдырмай, сол кездегі бірқатар естеліктерге тоқталып өткен. Оқып отырып, Абайдай дара тұлғаның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін қажет деген қағиданың дұрыстығына одан әрі көз жеткізе түсесің.

Елбасы мақалада: «Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді», – дейді. Біз осы үрдісті лайықты жалғастыруымыз қажет. Яғни, Абайдың ақыл дариясы ұлтымыздың бүгінгі буыны үшін де және болашақ ұрпақ үшін де айнымас бағыт-бағдарға, өмірлік шамшыраққа айналуы керек. Бұл – кемел келешектің бірден бір кепілі», - деді Сенат төрағасы.


Жоғары қарай