Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәулен Әшімбаев шекара маңындағы елді мекендердің маңызы туралы айтты

2020 жылдың 23 қазан 2020 11:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауылдарды мемлекеттік қолдау түрлі бағдарламалардың тасасында қалып келеді. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл тұрғындарының табыс деңгейі төмен екенін білеміз. Ауылдан көшу қарқыны да бәсеңдемей отыр. Негізінен жастар, еңбекке жарамды адамдар кетіп жатыр. Соның салдарынан халықтың қартаю үдерісі белең алуда. Ауылдағы ең басты мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Қысқа мерзімде оқыту және қайта оқыту сияқты мүмкіндіктер қарастырылса да, қазіргі жұмыспен қамту бағдарламалары тұрғындарды толық қамти алмауда», - деді М. Әшімбаев Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.

Оның айтуынша, ауылдағы кәсіпкерлік те тиісті деңгейде дамымай отыр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық жерлерде жұмыс істейтін 412 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл еліміз бойынша шағын және орта кәсіпкерлік көлемінің 31 пайызына тең. Алайда, ауылдағы кәсіпкерлер шығарған өнімнің үлесі барлық шағын және орта кәсіпкерліктің 14 пайызын ғана құрайды.

«Оған бұрыннан қордаланып қалған мәселелер ғана себеп емес. Ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты мемлекеттік басқарудағы қазіргі тетіктердің осалдығы да осыған әкеліп отыр. Орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де ауыл дамуын басқарудың және үйлестірудің кешенді тәсілі жоқ екенін жиі естіп келеміз. Ауылдарды мемлекеттік қолдау түрлі бағдарламалардың тасасында қалып, нақты жүргізілмей келеді. Сондықтан жүйелі саясат қажет. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқанын жақсы білесіздер.

Ол үшін орталық мемлекеттік органдар жергілікті билік органдарымен бірлесіп, конструктивті жұмыс жүргізген жөн. Біздер, сенаторлар, ауылды тиімді дамытуға арналған заңнамалық бастамаларды қолдауға дайынбыз», - деді Сенат Төрағасы.

Осы орайда, ол ауылдарды сақтау және дамыту – ұлттық қауіпсіздікке де қатысты мәселе екенін атап өтті. Бұл әсіресе, қазіргідей сын-қатерлер кезеңінде өте өзекті.

«Нақты айтқанда, шекара маңындағы елді мекендерді сақтау аса маңызды мәселелердің бірі. Президентіміз анықтап берген басымдықтарды іске асыру және ауылдық аумақтарды дамытуға тың серпін беру – тиісті мемлекеттік органдардың алдында тұрған негізгі міндет», - деді М. Әшімбаев.


Жоғары қарай