Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Майбұлақ шатқалында адасып кеткен ерлі-зайыпты қариялар құтқарылды

2020 жылдың 8 тамыз 2020 01:24

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысындағы Майбұлақ шатқалында 1100-1300 метр биіктікке шығып, адасып кеткен ерлі-зайыптылар құтқарылды. 73 жастағы қария мен оның 58 жастағы жұбайы тау беткейіндегі өзіне тиесілі жер учаскесіне барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 112 нөміріне кешкі сағат 20:30 шамасында екі адамның тауда адасып кеткені туралы хабар түскен.

Тез арада оқиға орнына Төлеби ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мен Шымкент қаласының ТЖД жедел құтқару жасағы, аудан әкімдігі мен полиция бөлімінің қызметкерлері және жедел жәрдем қызметі жеткен.

Оқиға орнында арнайы штаб құрылып, іздестіру-құтқару жұмыстары басталды. Сала мамандары бұл жұмыстың тауда өте қиын жағдайда жүргізілгенін айтады. Себебі, тауға кеткендердің қай жерде жоғалғаны туралы мәлімет жоқ және айнала қараңғы, сондай-ақ шатқал биіктігі мен оған баратын жолдар қауіпті - мұның бәрі іздеу жұмыстарын едәуір қиындатқан.

Соған қарамастан тауда адасқандар келесі күні таңғы сағат 07:00 кезінде табылған. Оларға жылы киім беріліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Құтқарылғандар өздерін жеткізген көліктен адасып, жол таба алмай қалғанын айтқан.

Айта кетейік, құтқарушылар өз өмірін қауіпке тігіп әрі экстремалды жағдайда іс-қимыл жасаған. Олардың шеберлігінің арқасында тау беткейінде қалған ауыл тұрғындары аман-есен үйіне оралды.





Автор Айнұр Ақбаева
Басты сөздер: Оқиға, Түркістан облысы,
Жоғары қарай