Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәжіліс Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасын мақұлдады

2021 жылдың 10 қараша 2021 13:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, заң жобасы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өңірдегі өкілінің мәртебесін, лауазымға сайлау және лауазымнан босату тәртібін, қызметтің қағидаттары мен кепілдіктерін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін реттейтін негізгі ережелерді айқындау арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді.

Мемлекет басшысының 2002 жылғы 19 қыркүйектегі № 947 Жарлығымен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметі белгіленді, оның құзыретіне арыз беруші өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін пайдалана алатын тәсілдер мен құралдарды түсіндіру, сондай-ақ шағымдарды тиісті органдарға беру кіреді. 2017 жылы конституциялық реформа нәтижесінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты елдің Негізгі заңында көрінісін тапты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабына сәйкес омбудсменді бес жыл мерзімге қызметке сайлау және оны қызметінен босату ел Парламенті Сенатының құзырына кіреді. Бүгін күні Омбудсмен институтын оның құқықтық мәртебесін, қызметінің қағидаттары мен кепілдіктерін, сондай-ақ адамның және азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі құзыретті заңнамалық деңгейде нақты айқындау арқылы одан әрі дамыту қажеттігі пісіп жетілді.

Адам құқықтарын көтермелеумен және қорғаумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесіне қатысты қағидаттарға (Париж қағидаттары), сондай-ақ Омбудсмен институтын қорғау және нығайту қағидаттарына («Венеция қағидаттары») сәйкес Уәкіл лауазымы бес жыл мерзімге сайланатын (сайлайтын) негізде белгіленеді. Мүдделер қақтығысын болғызбау мақсатында ол қызмет кезеңінде саяси қызметпен айналыса алмайды, мемлекеттік қызметте бола алмайды, оқытушылық, ғылыми не өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, басқа ақы төленетін қызметпен айналыса алмайды.

Уәкілдің қызметі заңдылық, объективтілік және әділдік, ашықтық, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүддесі үшін тәуелсіздік, жауапкершілік және бейтараптық қағидаттарына негізделуге тиіс екенін атап өту қажет. Осы мақсаттарда Уәкілге ешкімнің тиіспеушілігі, оның ішінде сот тәртібімен қолданылатын қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартуға, оның қызметіне араласуға және заңда көзделмеген қандай да бір функцияларды жүктеуге, сондай-ақ оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына кедергі келтіру мақсатында қандай да болсын нысанда ықпал етуге жол бермеуге қатысты кепілдіктер жазылады.

Уәкілдің адам мен азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бөлігіндегі өкілеттіктерін едәуір кеңейту ұсынылады. Мәселен, шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімге байланысты Уәкіл:

1) әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) өтініш берушінің құқықтары мен бостандықтарын бұзған мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдарға, мемлекеттік қызметшілерге бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін қабылдануға тиіс шараларға қатысты ұсынымдар жібере алады;

2) уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық іс қозғау туралы өтінішхатпен жүгіне алады;

3) мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) адамдардың шектелмеген тобының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгіне алады, сондай-ақ заңда белгіленген нысандарда процеске қатыса алады.

Бұл ретте Уәкіл жіберетін талап арыз (талап қою) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баждан босатылады.

Уәкіл өтініш берушіден шағымды қарауға қабылдап қана қоймай, егер бұқаралық ақпарат құралдарынан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзу фактілері туралы өзіне белгілі болған жағдайда, заң жобасында көзделген шараларды қамтамасыз ете отырып, осы бұзушылықтар туралы шағымды қарауға бастамашы болуға құқылы екендігі айтылады.

Мазмұндық тұрғыдан Уәкілге адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы ақпаратты зерделеу және талдау, шағымдарды қарау нәтижелерін жинақтап қорыту функциясы жүктеледі.

Осындай қызметтің қорытындылары бойынша Уәкілдің адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру бойынша жалпы сипаттағы ескертулер мен ұсыныстарды жіберуі күтіледі. Ол заң шығару бастамасы құқығы субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына түзетулер енгізу туралы ұсыныстармен жүгіне алады, ал қоғамдық маңызы зор не адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтары өрескел немесе жаппай бұзылған жағдайларда тікелей ҚР Президентіне, Парламенті Палаталарына немесе Үкіметіне өтініш жолдай алады. Сонымен бірге, Уәкіл мұндай құқығы бар адамдардың Конституциялық Кеңеске өтініш жіберуі туралы өтінішхат беруге құқығы бар.


Жоғары қарай