Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мәжіліс депутаттары Түркістан облысында этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті

2021 жылдың 10 желтоқсан 2021 21:48

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мейрамбек Төлепберген және Фахриддин Қаратаев Түркістан қаласында облыстық этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді насихаттау бағытындағы нәтижелі жұмыстар, алдағы мақсат-міндеттер талқыланды.

Кездесу барысында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген жиынға қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, азат елдің егемендік жылдары жарқын жетістіктерді бағындырғанын, барлық игілік пен жетістік бірлік, этносаралық татулық ұғымдарымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Көне шаһар түркі әлемінің рухани астанасы атанып, әсем қалаға айналуда. Бұл ретте, жаңарған Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына Ассамблея мүшелері де зор үлес қосып келеді. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда саласында жемісті еңбек етіп жүргендер жетерлік. Халық даналығында «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген терең мағыналы сөз бар. Бәріміз бір атаның баласындай, бір өзеннің сағасында бірлесе еңбек етсек, тату тұрсақ, алынбайтын асу болмайды», – деді халық қалаулысы.




Сондай-ақ жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев Ассамблеяның қоғамдағы рөліне, оның мән-маңыздылығына тоқталды.

«Бәріміздің мақсатымыз – ортақ, міндетіміз – бір. Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бұл құрылым – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі саналады. Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері береке-бірлікте өмір сүруде. Өңірде қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі де артуда, бұл Тәуелсіздігіміздің тұғырын мығымдай түсері сөзсіз. Алдағы уақытта да жер-жерде, көршілес ауылдарда достық пен татулықты дәріптейтін іс-шараларды жандандырып, жиі өткізуіміз қажет. Бұл – ел болып ұйысуымызға, мемлекеттілігіміздің мерейін асқақтатуға үлкен септігін тигізері анық», – деді депутат.




Сонымен қатар, кездесуде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы, PhD доктор Қ.Қалдыбай, Кентау қалалық мәслихатының депутаты, Кентау қалалық Аналар кеңесінің мүшесі, С.Қожанов атындағы №9 мектеп директоры Ұ.Мұсаханова, Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің мүшесі Ф.Файзиддинов сөз сөйлеп, ел бірлігін нығайтуға қатысты пікірлерін білдірді. Жиынға қатысушылар сұрақ-жауап түрінде ой бөлісіп, пікір алмасты.

Кездесу барысында жыл бойы белсенді қызмет атқарған, өңірдегі бірлік пен татулықтың нығаюына айрықша үлес қосқан бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы орынбасары М. Әзілхановтың Алғыс хатымен марапатталды. Жиынды қорытындылаған басқарма басшысы Аңсар Өсербаев халықтың бірлігін нығайтуда және қоғамдық келісімді сақтауда жүйелі жұмыстар жалғасатындығын атап өтті.

Айта кетейік, кеше депутаттар этносаралық татулықты нығайту бағытында Сайрам ауданындағы Ақсукентте және Қарабұлақта, сондай-ақ бүгін Сауран ауданында тұрғындармен кездесулер өткізді.














Жоғары қарай