Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мәжіліс ЕАЭО-ның электр энергетикалық нарығына қатысты құжатты мақұлдады

2022 жылдың 19 қаңтар 2022 10:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хаттамаға 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтанда қол қойылды.

«Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық электр энергиясы нарықтарын интеграциялау жолымен қалыптастыру жоспарлануда», - деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Аталған міндетті Жоғары экономикалық кеңестің шешімдерімен іске асыру үшін:

- 2015 жылғы 8 мамырда ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру Тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама ЕАЭО ортақ электр энергетикалық нарығының мақсаттары мен міндеттерін, оның нысаналы моделін, басқару құрылымдарын, нарық субъектілерінің өзара іс-қимыл тетіктерін, реттеудің нысандары мен әдістерін айқындайды, сондай-ақ нарықты қалыптастыру кезеңдерін қамтиды.

- 2016 жылғы 26 желтоқсанда ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама ұйымдастырушылық, заңнамалық және технологиялық іс-шаралар кешенін, оның ішінде жедел келісімшарттар бойынша және бір тәулікке алға ортақ нарықта сауданың электрондық жүйесін, ақпарат алмасу жүйесін әзірлеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды, сондай-ақ ортақ электр энергетикалық нарықты реттейтін актілер жүйесін дайындауды көздейді.

- 2019 жылғы 29 мамырда Жоғары Кеңес 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама нысанында ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шартқа қол қойды;

- 2019 жылғы 20 желтоқсанда ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

«Жоспарда Хаттамада көзделген ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыруға бағытталған қағидаларды бекіту және күшіне енгізу мерзімдері белгіленген. Хаттамамен ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру, оның жұмыс істеу және даму негіздері бойынша нақтылаулар енгізілді. ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеу қағидаларымен реттелетін салалар белгіленеді. Ұлттық нарықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, Тараптар ЕАЭО-ның ортақ нарығын қалыптастыру кезінде қолданыстағы ұлттық электр энергетикалық нарықтарды, оның ішінде қуат нарықтарын сақтау жөнінде келісімге қол жеткізді», - деді министр.

Хаттаманың II бөлімінің 4-тармағында ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру, оның жұмыс істеуі және дамуы қағидаттары көзделген:

1) тең құқылық, өзара тиімділік және мүше мемлекеттердің кез келгеніне экономикалық залал келтірмеу негізіндегі ынтымақтастық;

2) электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтау;

3) нарықтық қатынастарға және адал бәсекелестікке негізделген тетіктерді басым пайдалану;

4) электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету;

5) мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін ескере отырып, мүше мемлекеттер субъектілері арасында электр энергиясының саудасын жүзеге асыру.

«ЕАЭО-ның ортақ нарығын қалыптастыру мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне жасалған шарттар аясында өзара электр энергиясы саудасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ электр энергиясын нақты жеткізудің жоспарлы мәндерден сағаттық ауытқуларын реттеу үшін тетік құру көзделеді, бұл келісілген кестелерді сақтау үшін жауапкершілікті арттырады. Электр энергиясы нарығын құрудың әсері өндіруші және беруші қуаттарды пайдалану тиімділігін арттырудан, электр энергиясының өзара және сыртқы саудасы көлемінің өсуінен көрінеді. Сондай-ақ, энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестік артады деп болжануда», - деді Б. Ақшолақов.


Жоғары қарай