Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мәжіліс энергия үнемдеу талаптарына қатысты заң жобасын мақұлдады

2022 жылдың 25 мамыр 2022 14:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасында энергия аудиторларын аттестаттау жөніндегі мемлекеттік функцияны бәсекелестік ортаға беру, энергия аудиті саласындағы кәсіпкерлік қызметті кеңейту және энергетикалық аудиттің ерікті сипаттағы «экспресс-энергия аудиті» және «нысаналы энергия аудиті» деген жаңа түрлерін енгізу жолымен энергия аудиті жүйесін жетілдіру көзделеді.

Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері энергетикалық менеджмент жүйесі енген, энергия аудитінің алдыңғы қорытындысы болған және жылдық энергия тұтынуды кемінде 5%-ға төмендету қамтамасыз етілген жағдайда міндетті энергия аудитінің орнына экспресс-энергия аудитінен өте алады.

Заң жобасындағы бірқатар түзетулер субъектілерге заң бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беру мақсатында субъектілерге бармай профилактикалық бақылауды ендіруге бағытталған.

Екінші оқылымдағы заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар:

- Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің су тұтыну мониторингі бойынша нормаларды сақтауға;

- Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің тізбесін кеңейтуге;

- міндетті энергия аудитінің орнына экспресс-энергия аудитін жүргізу шарттарын жеңілдетуге;

- бақылау субъектілеріне бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібін нақтылауға;

- энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы хабарлама беру тәртібін нақтылауға;

- энергия аудиторының құқықтары мен міндеттерін белгілеуді көздейтін жеке бап енгізуге бағытталған түзетулер енгізді.

Депутаттар «Электр энергетикасы туралы» және «Табиғи монополиялар туралы» Заңдарға республикалық маңызы бар қалалардың жылу электр станцияларын баламалы энергия көздеріне, атап айтқанда газға ауыстыру тетігін заңнамалық бекітуге және электр энергиясының тапшылығын жабуға бағытталған түзетулерді жеке блокпен енгізді.

Осы нормаларда отынның баламалы түрі ретінде газды пайдалану арқылы генерациялайтын қондырғыларды сала отырып, жаңғыртуға, реконструкциялауға және кеңейтуге инвестициялық келісімдер жасасу көзделеді.

Палата депутаттары заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Энергетика, Мәжіліс, Заң,
Жоғары қарай