Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мәжілісте Алаш арыстарының есімдерін жергілікті жерде ұлықтау мәселесі көтерілді

2021 жылдың 3 наурыз 2021 12:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің есімдері әлі де белгісіз болып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 30 жылдығы аталып өтетін Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестің ішінде Алашорданың орны айрықша! Басты Ұраны - Жерді сатпау, Тілді сақтау болған Алаш арыстарын ұлықтауды ҚР Президенті Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бастап берді: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз... Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» – деп, атап көрсетті. Алайда, Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімі келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда ауқымды», - деді Қ. Иса Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі Тәуелсіз Қазақ Елі үшін құрбан болғандар!

«Сол себептен, 2019 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірігіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулерінің негізінде жасалған тізімге көпшілік қауымға есімдері ұмыт болған әр өңірдің жергілікті Алаш қайраткерлері енгізілді. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарың жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандар атауларына қолдануды ұсынған болатынбыз. Алайда, алынған жауаптар көңілге қонбайды. Көбінесе жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшыларының есімдерінің атаумен шектелген», - деді депутат.

«Сол себептен, «Ақ жол» партиясы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында, Алаш қайраткерлерінің есімдерін ономастика тұрғысында қолдануды жөн санап, аталған тізімді Үкіметке жіберіп отырмыз. Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары, 2019 жылы біз жолдаған хаттарды жергілікті әкімдіктерге қайта көтеруді тапсырып, мыңдаған Алаш арыстарының қасиетті есімдерін жергілікті жерде ұлықтау шараларын бақылауға алуыңызды сұрайды», - деді Қазыбек Иса.


Жоғары қарай